Республика күні қарсаңында Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан депутаттар мен аппарат қызметкерлерін марапаттады.
Марапатталғандардың қатарында Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі, мәжілісмен Магеррам Магеррамов та бар. Оған және оның әріптесі Юлия Кучинскаяға белсенділгі және халықтар арасындағы достықты нығайтқаны үшін ТМД-ға мүше мемлекеттер Парламентаралық Ассамблеясының Құрмет грамотасы табысталды. Сонымен қатар ҚХП депутаты, халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Магеррам Магеррамов Құрмет грамотасын алу ол үшін жағымды тосын сый болғанын айтты.
– Өз аты жөнімді естігенде қатты таң қалдым. Иә, бізде ТМД елдерінің Парламентаралық Ассамблеясы аясында жұмыс істейтін топ бар. Мен сол топтың мүшесімін. Барша әріптестерім белсенді жұмыс істейді және марапатқа лайық деп санаймын, - деді фракция басшысы.
Сондай-ақ ҚХП фракциясының басшысы бұл грамота Қазақстан Халық партиясының марапаты екенін атап өтті.
– Әрине, еңбекті бағалап, марапат беруі қуантарлық жайт. Бұл қызметте одан әрі белсенді бола түсуге ынталандырады. Тиісінше, менің алдағы жоспарым да сол, - деп ағынан жарылды депутат.