ҚХП депутаты елдегі баға саясатын сынға алды

dep.jpg

Үкімет инфляцияны «тежеп отырудың» орнына, халықтың қалтасына салмақ салмай, тауар бағасының негізсіз қымбаттауымен күресуі тиіс. Мұндай пікірді Мәжіліс депутаты, ҚХП мүшесі Ирина Смирнова айтты. Оның пікірі «Курсив» басылымында жарияланды.

Бұған дейін Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) өсіру жоспарда жоқ екенін мәлімдеген еді. Ол бұрынғыдай 85 мың теңге мөлшерінде қала береді.

Депутат елдегі жағдайды «еуропалық баға және қазақстандық еңбекақы» деп сипаттады. Оның айтуынша, Үкімет баға саясатын реттеп, делдалдардың үстеме бағасына тосқауыл қоюдың орнына, ауыртпалықты қарапайым тұтынушыға артып отыр.

– Еуропада еңбекақы әлдеқайда жоғары болса да, азық-түлік бағасы біздегідей. Бізде тауар жеткізушіден сатып алушыға жеткенше бірнеше қолдан өтіп, әрқайсысы үстіне 5–15% қосады. Соның салдарынан дүкен сөресіндегі баға бастапқы құнынан екі-үш есе қымбаттап шыға келеді, – деді депутат.

Сонымен қатар, ол ЕТЖ-ны көтеруді кейінге қалдыру ұсынысын да сынға алды.

– Халықаралық тәжірибеге сәйкес, ЕТЖ елдегі медианды жалақының кемінде 50%-ын құрауы керек. Министрлік «орташа жалақы – 460 мың, медианды жалақы – 280 мың» деп айтады. Бірақ ол үшін ешкім нақты жауапкершілік алмайды. Қазірдің өзінде ең төменгі жалақы 120 мың теңгеден кем болмауы тиіс. «Үш жыл күтейік» деу – жауапкершіліктен қашу. Халық лайықты еңбекақы алуы керек, – деді депутат.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy