ҚХП фракциясы Мемлекеттік алимент қорын құру мәселесін тағы көтерді

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы алименттік қарыз мәселесін Алимент қорын құру арқылы шешуді тағы да ұсынды. Алайда, Үкімет әлі күнге бұл мәселеге шындап ден қоймай отыр, ал бейқам әкелердің қарызы ондаған миллиард теңгеге жетті.

ҚХП фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамовтың айтуынша, 2016 жылы партия алимент қорын құруды алғаш рет ұсынғанда алименттік қарыздың жалпы көлемі небәрі 2 миллиард теңге болған. 2024 жылдың ақпан айында бұл сома 21 миллиард теңгеге дейін жетсе, қазір оның мөлшері 43 миллиард теңгені құрап отыр. Ал Республикалық ЖСО палатасының мәліметінше, елімізде жарты миллионнан астам бала алиментке мұқтаж.

«Бүгінде алимент өндіру мәселесінің шешілуіне ықпал ететін ешқандай алғышарт жоқ», - деді Магеррамов. ҚХП депутаттарының пікірінше, бұл жағдайдың негізгі себебі – алименттік қарыз сомасының дұрыс есептелмеуі, борышкерлердің жалған құжат жасауы және алиментті бөліп төлеуге мүмкіндік беретін заңмен бекітілген тетіктің болуы.

«Осындай әрекеттер азаматтардың жұмыспен қамтылуы мен табысы туралы жөнінде жалған статистиканың туындауына себеп болып, балалардың алименттік төлемдерді алуына кедергі келтіреді», - деді Магеррам Магеррамов.

ҚХП депутаттары алимент өндіру кезінде нақты бір сома белгіленіп, оны төлемеген жағдайда борышкер сот шешімін орындаудан қасақана жалтару бойынша айыпталуы тиіс деп санайды. Сонымен қатар, балаларды және олардың заңды құқғын қолдау мақсатында фракция Алимент қорын құру туралы ұсынысын қайта көтерді.

«Үкімет бұл ата-аналардың балаларды асырау мен тәрбиелеуге деген ынтасы мен жауапкершілігін төмендетуі мүмкін деп қауіптеніп, ұсынысты қолдамады. Ал кейінгі 9 ай ішінде алименттік қарыз мөлшері екі есеге жуық көбейген. Демек, Үкіметтің бұл үрейі бекер деуге болады», - деп атап өтті мәжілісмен.

Магеррамовтың айтуынша, Үкіметтің бұл қор мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етеді және қорды қалыптастыру және толықтыру үшін қаржыны борышкерлерден толық өндіріп алу мүмкін емес деген ұстанымы негізсіз.

«Қорды салықтық емес түсімдер есебінен толықтыру жоспарланып отыр. Ал оның атқарылуы 2023 жылы 450%-ға дейін өсті. Тиісінше, мемлекеттік шығындар барынша азайтылатын болады. Алайда, мұндай көмектің өскелең ұрпақ үшін пайдасы зор», - деп нақтылады ол.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy