ҚХП көпбалалы отбасыларға жаңа төлемдер енгізуді ұсынады

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясы елімізде көпбалалы отбасыларды қолдау үшін Ресей еліндегі «Ана капиталының» баламасын енгізуді ұсынды. Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева осындай бастама көтерді.

Мәжіліс депутатының пікірінше, мемлекеттің қаржылай қолдауы елдегі демографиялық жағдайға оң әсер етіп, бала туу деңгейін арттыруға ықпал етеді.

Ресей мен Беларусьтің тәжірибесіне сілтеме жасаған Мәжіліс депутаты, онда отбасыларға мемлекеттік қолдау көрсету тетігі - «Ана капиталы» және «Отбасылық капитал» бағдарламалары ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқанына тоқталды. Бұл елдерде бала туған кезде отбасылар тұрғын үй сатып алуға, балаларға жоғары білім беруді қамтамасыз етуге және т.б. мүмкіндік беретін біржолғы төлемдер немесе қолма-қол ақшасыз сертификаттар алады. Бұл ақшаны күнделікті қажеттіліктерге және ағымдағы несиелерді жабуға жұмсауға болмайды.

– Біздің ойымызша, өте тиімді бұл механизм іс жүзінде өз нәтижелерін көрсетті, - деп атап өтті Танашева.

– Бірақ, басқа елдердің оң тәжірибесіне қарамастан, мұндай жүйені енгізу мүмкіндігі Қазақстанда әзірге қарастырылмаған.

Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаттары төртінші бала туғанда немесе ерекше қамқорлық қажет ететін бала үшін 2,3 миллион теңге көлемінде отбасылық капитал енгізуді ұсынды. Парламентшілердің пікірінше, бұл қазақстандық көпбалалы және ерекше баласы бар отбасылардың өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді және оларды ұзақ мерзімді қолдау бағытындағы нақты қадам болып табылады.

– Отбасылық капитал сияқты мемлекеттік қолдау жүйесі енгізілсе, елдегі халық саны едәуір артып, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға әдеуір көмек болар еді, - деп сөзін түйіндеді ҚХП фракциясының депутаты.

– Біздің мемлекетіміздің міндеті – әрбір қазақстандықтың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy