Өскемен қаласында ҚХП бастамасымен «Сила в каждом!» атты республикалық жастар форумы өтті. Шараға партия басшылығы, өңірлік филиал жетекшілері, волонтерлер, азаматтық белсенділер мен студенттер қатысты.





Форум қонақтарын алғаш болып ҚХП Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Қайрат Мусин қарсы алды. Ол өз сөзінде Қазақстан Халық партиясының әрдайым жастар саясатына баса мән беріп келе жатқанын атап өтті.


– Бүгінгі слет – елдің білімді, белсенді, бастамашыл жастарын біріктіретін маңызды алаң. Партиямыз жастардың өзгерістерге тек қатысушы ғана емес, сол өзгерістердің қозғаушы күші болуына сенеді. Біздің мақсат – жаңа буынның ойын, ұсынысын тыңдап, оны нақты іске айналдыру, – деді Мусин.
Форум спикерлерінің бірі Айсұлу Сүлейменова жастармен өмірлік қиындықтарды еңсеру тәжірибесін бөлісті. Ол өз сөзін «ештеңеге қарамастан өмір сүру» деген ұғым аясында түсіндірді. Айсулу – блогер, IT саласында жұмыс істейді, ҚХП белсендісі, кәсіби түрде жеңіл атлетика және волейболмен шұғылданады, көлік жүргізеді, саяхаттағанды жақсы көреді және осының бәрін екі аяғында протез болғанына қарамастан атқарады. Ол 20 жасында жол апатына ұшыраған.

– Адам аяқсыз да өмір сүре алады. Бірақ мағынасыз өмір сүре алмайды. Мен өз өмірімнің мәнін өзгелерге пайда әкелуден таптым. Мүмкін еместің бәрі – сіз алғашқы қадам жасамағанға дейін ғана. Мен сол қадамды, жүре алмайтын сияқтымын деп ойлаған сәтімде жасадым. Егер мен жасай алсам – сіздер де жасай аласыздар! – деді ол.

Форумның басты тақырыптарының бірі – партияның жастар үшін әлеуметтік баспалдақ ретіндегі рөлі болды. Жас партия мүшелері өздерінің ҚХП жобалары арқылы мүмкіндігін қалай іске асырғанын баяндады. Ислам Сұңқар партияның қолдауымен Мәжілістегі ең жас депутаттардың біріне айналды. Ол үшін партия алаңы үлкен бастама алаңы болғанын айтты. Ал Ақтөбе облыстық филиалының «Jas Orta» жастар қанатын басқаратын Жоламан Асанұлы жастар көшбасшылығы туралы өз тәжірибесін бөлісті. Жетісу облысындағы ҚХП филиалының төрағасы Олжас Ибраимов та өз жолын еріктіліктен бастап, өңірлік бөлімше басшылығына дейін көтерілген. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ақпараттық технологиялар саласындағы құзыреттер мен технологиялар трансфері орталығының жетекшісі Руслан Четтыкбаев жас буын үшін жасанды интеллектінің қоғам игілігіне қызмет ету мүмкіндіктері туралы баяндама жасады. Ал ШҚО-дағы ҚХП «Jas Orta» жастар қанатының жетекшісі Ләйлә Төлеубекова еріктілік қызметі бойына сенім ұялатқанын және көшбасшылық қасиеттерін ашуға көмектескенін айтты.



– ҚХП үшін бастысы – жас емес, талпыныс, жауапкершілік және әрекет етуге дайындық, – деп түйіндеді спикерлер.

Кейін жиналғандар ерекше ықыласпен ҚХП төрағасы Ермұхамет Ертісбаевтың сөзін тыңдады. Ол жас партияластарға ізгі тілек білдіріп, социалистік идеяларға қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтып, партия алдында тұрған бірқатар міндеттерді атап өтті.

– Біздің басты мақсат – парламенттік сайлауда жеңіске жету. Мен бәріңіз де Қазақстан Халық партиясын қолдайды деп сенемін! – деді төраға.




Форум аясында «Еңбек адамы – 2025» республикалық байқауының жеңімпаздарына құрмет медальі мен алғыс хаттар табысталды. Слет ҚХП-ның жаңа мүшелеріне партия билетін тапсыру рәсімімен аяқталды.


@halyk_partiyasy