Қайрат Мусин төрағалық еткен ҚХП Шығыс Қазақстан облыстық филиалы (ШҚОФ) жыл бойы атқарылған жүмыстарды баяндады.
Өткен жыл филиал үшін оқиғаларға бай болды. Осы кезеңде филиал «Сұңқар» әскери-патриоттық клубы, «АВА» мүгедектер одағы» ҚБ, Ауғанстан соғысы ардагерлері одағы, ШҚО Ақсақалдар кеңесі және «ШҚО мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ секілді бірқатар ұйымдармен 6 меморандум жасасты. 6 бастауыш партия ұйымы ашылды.
Филиал барлық деңгейлі мәслихат депутаттарын сайлау науқанына да белсене қатысты. ҚХП-нан барлық өңір бойынша 1 қалалық және 6 аудандық мәслихатқа депутат сайланды. Депутаттар халықпен 50-ден астам кездесу ұйымдастырып, жергілікті атқарушы органдарға 21 депутаттық сауал жолдады.
Филиалдың қоғамдық қабылдау бөлмесіне 15 өтініш келіп түсті, оның 12-сі өтініш берушілердің пайдасына шешілді.
Жыл бойындағы маңызды партиялық шаралардың бірі - ҚХП ШҚОФ жанынан Жастар қанатының ашылуы болды. Оның төрағасы болып белсенді, ерікті, Жоғары медициналық колледждің студенті, түрлі қалалық конкурстардың қатысушысы Дамир Райымханов сайланды. Қазір Жастар қанаты ауқымды қоғамдық қызмет атқаруда.