
Мәжілістің сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов алимент төлемей жүргендерге тосқауыл қою үшін жасанды интеллектіні пайдалануды ұсынып отыр. Жақында ол осы бағытта тәжірибе жүргізген.
Алимент – ата-ананың өз баласын асырау үшін міндетті түрде төлеуі тиіс қаржысы. Өкінішке қарай, кейбіреулер бұл жауапкершіліктен жалтарып, табысын жасырады, мүлкін басқаға рәсімдейді немесе көлеңкелі түрде жұмыс істейді. Қазақстандағы алимент төлемей жүргендердің қарызы қазірдің өзінде 90 миллиард теңгеден асқан.
– Бұл әлеуметтік мәселені шешудің бір жолы – борышкердің табысын цифрлық бақылау арқылы мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Ол үшін салық органдары, банктер, зейнетақы қоры және жеке сот орындаушыларды біртұтас жүйеге біріктіру қажет, – деді депутат.
Цифрландырудың арқасында борышкердің табысы, есепшоттары мен мүлкі нақты уақыт режимінде тіркеліп отырады. Мұндай тәсіл алимент төлемей қашудың жолын барынша қиындатады. ҚХП 2016 жылдан бері осындай жағдайға тап болған балаларды қолдау үшін арнайы Алимент қорын құруды ұсынып келеді.
– Мен бұл мәселені жасанды интеллектке жүктеп көрдім, ол бірқатар қызықты шешімдер ұсынды. Тіпті жасанды интеллект көмегімен Қазақстанға арналған Алимент қорының ықтимал үлгісін жасап көрдім, – деді Магеррамов.
Бұл қор салықтық емес түсімдер есебінен құрылады. Егер отбасы үш айдан астам алимент алмаса, қорға жүгінеді. Қор сол сәттен бастап балаға төлем жасай бастайды.
– Осы кезден бастап қарызды өндіріп алу құқығы қорға өтеді. Ал мемлекет салық органдары мен сот орындаушылары арқылы борышкерден ақшаны жеке адамның емес, Қордың пайдасына өндіреді. Барлық айыппұл мен өсімпұл да жүйеге қайтарылады, – деп түсіндірді депутат.
Төлемнің мөлшерін депутат ең төменгі күнкөріс деңгейімен (2025 жылы ол шамамен 55 мың теңге) немесе борышкердің табысы белгісіз болса, орташа жалақымен байланыстыруды ұсынды.
– Есеп бойынша, бұл бюджет шығысының шамамен 0,1 пайызын ғана құрайды. Бұл аса ауыр салмақ емес. Ең бастысы – бала кепілді түрде қолдау алады. Ал мемлекет кредитор ретінде қарызды әлдеқайда тиімді өндіріп, толық емес отбасылардағы кедейлік деңгейін төмендетуге ықпал етеді, – деді ол.
Депутаттың пікірінше, бұл есептердің тиімділігін іс жүзінде тексеру үшін ең алдымен Алматы мен Шымкентте пилоттық жоба іске қосылуы тиіс. Себебі алимент мәселесі осы қалаларда өршіп тұр. Сондай-ақ төлем мерзімін бір жылмен шектеу және әлеуметтік тұрғыдан осал отбасыларды басым қолдау мүмкіндігін қарастыруға болады.
– Қазақстанда Алимент қоры қарыз мәселесінің әлеуметтік зардаптарын едәуір азайтуға қабілетті. Бірақ оны құру әлеуметтік қорғаудың кешенді стратегиясының бір бөлігі болғаны жөн, – деп қорытындылады Магеррамов.
@halyk_partiyasy