ҚХП «Цифрлық салық рулингі» жобасын әзірлеуді ұсынды

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясы салық рулингін енгізу бастамасын ілгерілетуді жалғастыруда. Пленарлық отырыста сөз сөйлеген ҚХП фракциясының басшысы Магеррам Магеррамов мәселені кезекті рет көтерді.

Партияның фракциясы бұған дейін осындай ұсыныспен депутаттық сауал жолдаған болатын. Үкімет Салық кодексі бизнеске салық органынан ұсыныс алуға мүмкіндік береді деп қысқа жауап берген... Яғни, кәсіпкерлердің шектеулі саны ғана салық органының міндетті күші жоқ ұсынымдарын ала алады, ал шенеуніктер осылай болуы керек деп санайды.

– Салық рулингі – бұл салық төлеушілерге жоспарланып отырған операциялар бойынша салық органдары үшін міндетті шешімдерді алдын ала алуға мүмкіндік беретін және салық заңнамасын қолдануда құқықтық айқындықты қамтамасыз ететін тетік, – деп түсіндірді Магеррам Магеррамов. – Салық рулингінің басты мақсаты – елде ашық, түсінікті әрі болжамды салық саясатын қалыптастыру. Бұл кәсіпкерлер үшін тәуекелдерді азайтып, елде кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай туғызады және мемлекетімізді шетелдік инвесторлар үшін анағұрлым тартымды етеді.

Қазір салық рулингі институты әлемнің 120-дан астам елінде табысты жұмыс істеуде. Қазақстанның цифрландыруға бет бұрғанын ескерсек, мұндай рулинг енгізу әкімшілендіруді жүйелеуге және оңтайландыруға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, сондай-ақ салық төлеуші мен мемлекет арасындағы сенім деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

ҚХП фракциясы Үкіметке бұл бағытта жасанды интеллекттің мүмкіндігін белсенді пайдалануды ұсынды. Атап айтқанда, «Цифрлық салық рулингі» ілкі жобасын әзірлеп, қолданысқа енгізу, оған кәсіпкерлік субъектілерінің барлығын ешқандай артықшылықсыз қолжетімділікті қамтамасыз ету, сондай-ақ салық рулингі нәтижесі бойынша қабылданатын шешімдердің міндеттілігін енгізу ұсынылды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy