Қазақстан Халық партиясы «Ашық қоғам – қолжетімді орта: ерекше балалар – мемлекеттік саясат назарында» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Шараға Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары қатысты.
Іс-шара модераторы, ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов партияның инклюзия мәселесін ұзақ жылдан бері тұрақты түрде көтеріп келе жатқанын атап өтті. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандар мен олардың отбасыларының құқықтарын қорғау, инклюзивті білім беруді қолдау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. ҚХП депутаттары бірнеше мәрте депутаттық сауалдар жолдап, түрлі форматтағы жиындар өткізіп, ерекше қажеттіліктері бар жандар мен олардың ата-аналарын алаңдатып отырған жүйелі мәселелерді көтерді.

– Біздің осы бағыттағы еңбегіміз партияның айқын ұстанымын білдіреді. Мемлекет барлық азаматтың қоғам өміріне тең дәрежеде қатысуына жағдай жасауы тиіс, – деді Мәжіліс депутаты.
Дөңгелек үстел арнайы партиялық жоба аясында ұйымдастырылды. Жобаның мақсаты – инклюзивті орта қалыптастыруға, ерекше білім беруді қажет ететін балалардың, соның ішінде аутизммен ауыратын балалардың дамуына және оңалуына қолайлы жағдай жасау. Бұл үшін орталық деңгейде де, ҚХП-ның аймақтық филиалдарында да арнайы сарапшылық кеңестер құрылып, диалог алаңдары ұйымдастырылды, ата-аналармен, тиісті мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері және мамандармен кездесулер өтті. Сонымен қатар, инклюзивті білім беру мен әлеуметтік қолдау нысандарының 80-ге жуық мекемесіне мониторинг жасалды.
– Мұндай кең ауқымды талдау бізге қолданыстағы инфрақұрылымның нақты жағдайын көруге және кадр тапшылығы, оңалту қызметтерінің жеткіліксіздігі, жүйелі үйлестіру мәселелерін анықтауға мүмкіндік берді, – деп қорытындылады Магеррамов.

Зерттеу нәтижелерін ҚХП жанындағы Ерекше білім беруді қажет ететін балалардың құқықтарын қорғау және қолдау жөніндегі республикалық кеңестің мүшесі, «LS DAMU» қоғамдық қорының директоры Надия Боранбаева таныстырды. Ол ерекше балалардың «ересек өмірге өту кезеңіне» қатысты күрделі мәселелерді де атап өтті. Оның айтуынша, еңбекке қабілеттілігі бар топқа жатқызылған балалардың өзі кәсіптік білім алуда, қажетті еңбек дағдыларын игеруде үлкен қиындық көреді, себебі колледждер мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктеріне бейімделмеген. Ал оқуын аяқтаған соң жұмысқа орналасу мүмкіндігі тым шектеулі. Кәмелет жасқа толғаннан кейін мемлекеттік жәрдемақы төлеу жүйесі өзгереді, қайта рәсімдеу кезеңінде бірнеше ай бойы отбасылар ешқандай төлем алмай қалады.
Жиында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Көлік министрліктерінің вице-министрлері, Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктерінің департамент басшылары өз ұсыныстарын ортаға салды. Қатысушылар инклюзивті қоғам қалыптастыру тақырыбында пікірталас өткізді. Іс-шара соңында Магеррам Магеррамов барша қатысушыға мазмұнды пікірлері мен кәсіби көзқарас үшін алғыс білдірді.

– Бүгінгі талқылаулар жай ғана пікір алмасу емес. Біз бұл басқосуды қордаланған түйткілдерді көтеріп, оларды шешудің нақты жолдарын ұсыну үшін өткіздік, – деді ол.
Өз кезегінде ҚХП осы ұсыныстарды әрі қарай ілгерілету үшін ашық алаң да, сенімді серіктес те болуға дайын екенін, ал партия фракциясы оларды заңнамалық деңгейде қолдауды қамтамасыз ететінін жеткізді.
@halyk_partiyasy