Инклюзивті қала: әлеуметтік қолжетімділік мәселелері талқыланды

Мәжілістегі ҚХП фракциясының мүшесі, ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқығы жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан «Инклюзивті саясат және әлеуметтік-бизнес нысандарының қолжетімділігі» тақырыбында өткен дөңгелек үстелге қатысты. Іс-шара Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында офлайн және онлайн форматта өтті.

Кенжеғұл Сейтжан қатысушыларға алғыс айтып, талқыланып отырған мәселенің маңызына ерекше тоқталып өтті. Алматыдағы нысандардың қолжетімділігі туралы басқарма басшысының орынбасары Аманат Сұлтанғазиев баяндама жасады. Оның сөзінен кейін депутат-омбудсмен тарапынан бірқатар сұрақтар туындады, әсіресе, кейбір нысандардың қолжетімділігі мен олардың паспортизациясы туралы. Сонымен қатар, Кенжеғұл Сейтжан баяндамада техникалық оңалту құралдарымен жекелей қамтамасыз ету мәселесінің қозғалмағанына назар аударды.

Дөңгелек үстел қатысушылары былтыр желтоқсан айында Алматы метрополитенінде орын алған қайғылы жағдайды да талқылады. Сол кезде «Абай» метро станциясында көзі нашар көретін жолаушы қаза тапқан еді. Егер метро қызметкерлері өз міндеттерін дұрыс орындап, қауіпті аймақтар арнайы қоршаулармен жабдықталған болса, мұндай оқиға болмас еді. Қазіргі уақытта Алматы әкімдігі зағип жандар үшін тактильді жолақтар орнату мүмкіндігін қарастыруда. Метрополитен өкілдерінің айтуынша, осы қайғылы оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр.

– Сондай-ақ, біз жылжымалы шектеу құрылғыларын орнату үшін техникалық-экономикалық негіздеме дайындап жатырмыз, – деп мәлімдеді олар.

1

Алматы қалалық мәслихат депутаты Әкім Тұрсынмен бірге дөңгелек үстелге қатысушылар есту және көру қабілеті нашар балаларға арналған мектепке дейінгі даярлық мекемелерін ашу қажеттілігін талқылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі, Алматы қаласындағы инклюзивті ортаны дамыту жөніндегі кеңес мүшесі Захира Бегалиева қосымша баяндама жасады.

– Алматы ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша көшбасшы қала болып қала береді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, инклюзивті бағдарламаларды ілгерілету маңызды, - дейді Кенжеғұл Сейтжан.

2

Кенжеғұл Сейтжан бұған дейін де парламенттік мінберден мүгедек жандар үшін инфрақұрылымның қолжетімділігі мәселесін бірнеше рет көтеріп, осы тақырыпқа байланысты бірқатар депутаттық сауал жолдаған болатын.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy