
Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясының өкілі әрі Президент жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан әлеуметтік желіде үндеу жариялады. Ол мүмкіндігі шектеулі жандарға толыққанды өмір сүруге мүмкіндік беру қажет екенін мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, мемлекет тарапынан мұндай азаматтарға түрлі жәрдемақы, жеңілдік пен әлеуметтік қолдау көрсетіліп келеді. Бірақ бұл шаралар толыққанды өмір сүруге жеткіліксіз.
– Толыққанды өмір дегеніміз – білім алу, жұмыс істеу, қоғамның бір бөлшегі болу, өзін-өзі жүзеге дамыту. Ал қазір мыңдаған азаматта мұндай мүмкіндік жоқ, – деді Кенжеғұл Сейтжан.
Оның пікірінше, ең алдымен білім беру жүйесін өзгерту қажет. Әсіресе инклюзивті білім беру мәселесіне назар аудару керек. Себебі қазіргі жүйе ерекше қажеттілігі бар балаларға сапалы білім бере алмай отыр.
– Есту, көру қабілеті жоқ немесе күрделі даму ерекшелігі бар балалар жалпы білім беретін мектепке келгенде, өз қажеттілігіне сай білім ала алмайды, – деді депутат.
Кенжеғұл Сейтжан түрлі министрлік пен ведомстволарға инклюзивті және арнайы білім беру мәселелері бойынша көптеген хат жолдағанын, алайда көбіне формальды жауап қана алғанын айтты.
Ол бұған дейінгі арнайы білім беру жүйесінің тиімділігін мысалға келтірді. Мұндай мекемелерде балаларға массаж, қолөнер, музыка сияқты нақты дағдылар үйретілген. Қазір бұл бағыттар жабылып жатыр.
– Бұл тек білім емес, баланың өздігінен өмір сүру жолына тосқауыл қою. Осыған орай Оқу-ағарту министрлігін ашық диалог орнатуға шақырамын. Инклюзивті және арнайы білім берудің ең тиімді тұстарын ұштастыра отырып, теңгерім табуымыз қажет, – деді депутат-омбудсмен.
Депутат балалардың мектептен кейінгі өмірін де мысалға келтірді. Оның айтуынша, қазір елімізде мүмкіндігі шектеулі жастарды қабылдайтын жалғыз колледж бар, оның өзінде мамандық түрі шектеулі.
– Жұмыс істеу үшін адамға заманауи білім керек. Инклюзия – бұл тек бір сыныпта бірге отыру емес, бұл – мүмкіндіктерге тең қолжетімділік, – деді ол.
Сейтжанның айтуынша, спорт, мәдениет, өнер саласында бағдарламалар мен қаржы бар дегенмен, мүмкіндігі шектеулі адамдар әрбір мүмкіндікке қол жеткізу үшін күресуге мәжбүр.
– Біз «дәлелде, өтін, күт» моделінен бас тартып, қатысуы қалыпты саналатын жүйеге өтуіміз керек, – деді депутат.
Сонымен қатар, мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру – үлкен мәселе. Бұрынғыдай квота жүйесі жойылғаннан кейін, жұмыс берушілер мұндай азаматтарды қызметке қабылдауға құлықсыз.
Сондай-ақ, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылардың баспана алу мүмкіндігі жоқ – себебі бастапқы жарнаға қаражат таппайды, тұрақты табыс жоқ.
– Жаңа тетік керек. Жұмыс берушілерге ынталандыру, әлеуметтік осал топтарды жұмыспен қамту жүйесін қолдау қажет. Мәселен, ваучерлік бағдарлама арқылы тұрғын үйге қол жеткізуді қарастыруға болады, – деп ұсыныс білдірді Сейтжан.
Үндеу соңында депутат бұл мәселеде тек көмек емес, теңдік пен құрмет мәселесі сөз болып отырғанын айтты. Ол бірқатар министрлікке үндеу жолдап, бірлесіп нақты ұсыныстар әзірлеуге және оларды Президент Әкімшілігіне жолдауға шақырды.
– Біз – екінші сорттағы адамдар емеспіз! Біз – тең құқықты азаматпыз, салық төлейміз, мемлекеттік бағдарламаларға қатысқымыз келеді, қоғам өміріне толық қатысуға хақымыз бар!! – деп қорытындылады депутат.
@halyk_partiyasy