
Қазақстанда білім беру жүйесі жасанды интеллект көмегімен инклюзивті бола түспек. Осы мақсатта Оқу-ағарту министрлігі әдістемелік ұсынымдарды әзірлеп, бейімдеу жұмыстарын бастап кеткен. Бұл туралы ведомство өкілдері Парламентте өткен «Қазақстан Республикасында жасанды интеллектті дамыту» тақырыбындағы тыңдауларда айтты.
Инклюзивті білім беру мәселесін әрдайым көтеріп жүрген ҚХП депутаты, Президент жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан бұл жолы да өз сауалын жолдады.
– ЖИ енгізу арқылы оқытуды қалай жүргізесіздер? Мүгедектігі бар балалар үшін арнайы бағдарламалар бар ма, оған қаржы қарастырылған ба? – деп сұрады депутат.
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекованың айтуынша, процесс басталып кеткен.
– Жаңа оқу жылында біз базалық дағдыларды оқытуды бастадық. Келесі кезеңде барлық әдістемелік құралдар мен ұсынымдарды ерекше білім алуды қажет ететін балаларға бейімдеу қолға алынады, – деді ол.
Вице-министрдің дерегінше, бүгінде Ыбырай Алтынсарин атындағы Білім академиясы арнайы әдістемелік ұсынымдарды әзірлеп жатыр.
– Сондай-ақ психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларда жұмыс істейтін педагогтерді оқыту көзделген. Бұл біздің жоспарымызда және тұжырымдамалық құжаттарда бар, – деді Мелдебекова.
@halyk_partiyasy