Қалалық инфрақұрылым нысандары мен қоғамдық көлік мүгедектігі бар адамдарға бейімделуі тиіс. Осы және өзге де мәселелер «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңды талқылау барысында қаралды.
Заң жобасын әзірлеушілер республикалық маңызы бар қалалар мен елорда мәслихаттарының құзыретін кеңейтіп, қалаларда қолжетімді орта қамтамасыз ету ережелерін бекітуді ұсынып отыр. Ал әкімдіктерге тұрғын үйлер аумағында қорғаныш құрылғылары мен реттеуші элементтерді (шлагбаумдар мен өзге де қоршаулар) орнату ережелерін бекіту жүктеледі.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді. Оның пікірінше, аталған шаралар қалалық инфрақұрылым нысандары мен қоғамдық көліктің мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ аулалардағы көлік қозғалысының қарқындылығы мәселесін шешуге көмектеседі.
Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясының өкілі, Президент жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан бұл ұсыныстарды қолдайтынын айтты. Алайда, мәжілісменнің сөзінше, осы заң жобасымен шектелмек болған аудиожарнама мәселесі ашық күйінде қалып отыр.
– Мүгедектігі бар адамдар, әсіресе зағип жандар, қозғалыс кезінде көбіне аудиожарнаманы бағдар ретінде пайдаланады. Мысалы, дыбыстық жолақтары бар бағдаршамдар. Мұның бәрі ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сапасына әсер етеді, — деді Кенжеғұл Сейтжан.
Өз кезегінде Жұманғарин елордадағы 650 инфрақұрылым нысанының мүгедектігі бар жандардың, соның ішінде көру қабілеті нашар және зағип азаматтардың қажеттіліктеріне сай келмейтінін атап өтті. Дегенмен, ол мәслихат бекіткен ережелерді сақтамаған құрылыс салушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын уәде етті.