Цифрландыру – болашаққа салынған инвестиция

dep.jpg

Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясы жанындағы «JAS ORTA» жастар қанатының жетекшісі Ислам Сұңқар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған инновациялық бастамалар елді алдағы онжылдықтарға жетелейтін маңызды бағдар екенін атап өтті.

Депутат Президент Жолдауында заманауи технологияларға негізделген бірқатар тың ұсыныстар айтылғанын атап өтті. Олар – ел дамуының жаңа бағытын айқындайтын стратегиялық міндеттер.

– Жасанды интеллект пен цифрландыруға арналған жеке министрлік құру, «Цифрлық кодексті» қабылдау, алдағы үш жылда Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру, инвестиция тартуды күшейту – бұлардың бәрі өте өзекті бастамалар. Қазіргі цифрлық дәуірде бәсекеге қабілетті болудың жалғыз жолы – инновация мен технологияға иек арту, – деді Ислам Сұңқар..

Халық қалаулысының пікірінше, бұл бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыру Қазақстанды өңірдегі технологиялық хабқа айналдыруға жол ашады. Сонымен қатар, еліміздің жаһандық аренадағы орнын да айқындап береді.

– Технологиялық даму – тек экономикалық өсім ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік әділеттілік пен халықтың өмір сапасын арттырудың басты тетігіне айналады, – деп түйіндеді депутат.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy