Қазақстан Халық партиясы құқық қорғау органдарымен, қоғамдық ұйымдармен, заң кеңселерімен және басқа да серіктестермен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға қол қоюда. Бұл бастамалар «Халық аманаты» жобасы аясында жүзеге асырылып, аймақтардағы интернет-алаяқтықпен күресуге және зардап шеккен азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталған.
Қарағанды облыстық филиалы облыстық полиция департаментінің Киберқылмыспен күрес басқармасы және «Эксперт права 2018» заң кеңсесінің заңгерлер палатасымен үшжақты меморандумға қол қойды.
– Жобаның негізгі мақсаты – интернет-алаяқтардың құрбаны болған азаматтардың қарыз жүгін азайту. Меморандум аясында зардап шеккендерге құқықтық көмекке қолжетімділік беру, онлайн қауіпсіздік туралы азаматтарды ақпараттандыру, алаяқтықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу сияқты міндеттер көзделген, - дейді қарағандылықтар.
Осыған ұқсас үшжақты келісімге Маңғыстау облыстық полиция департаменті мен «#1 Заңгер» құқықтық ұйымы да қол қойды.
– Бұл меморандум – интернет алаяқтарының арбауына түскен азаматтарға жан-жақты құқықтық және ұйымдастырушылық көмек көрсету үшін күш біріктірудің нақты қадамы, – деп атап өтті партия өкілдері.