
Үкімет сағатында Бас прокуратура өкілдері интернет арқылы жасалатын қылмыстардың күрт өсіп жатқанын мәлімдеді. Мәліметке сәйкес, елімізде тіркелген әрбір үшінші қылмыс интернет кеңістігінде жасалады. Құқық қорғау органдарының дерегінше, алаяқтар азаматтардан 47 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырған, алайда соның небәрі 3 млрд теңгесі ғана қайтарылған.
Мәжілістегі Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамов бұл мәселеге қатысты алаңдаушылық білдіріп, цифрлық ортадағы қауіпсіздік бүгінде аса өзекті мәселеге айналғанын атап өтті.
– Кибералаяқтық, жалған ақпарат тарату мен экстремистік мазмұндағы заңсыз контент – қоғамдық тәртіпке тікелей қауіп төндіретін факторлар. Бұл сын-қатерлерге Парламент те дер кезінде жауап беріп келеді. Біз киберқауіпсіздік пен жеке деректерді қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру бағытында жұмыс істеп жатырмыз, - деді депутат.
Магеррамовтың айтуынша, бұған дейін Қазақстан Халық партиясы азаматтарға онлайн несие беруді банк қызметтерінің тізімінен алып тастауды ұсынған болатын.
– Уәкілетті органдар тарапынан қабылданып жатқан шараларға қарамастан, интернет-алаяқтықтың құрбаны болып жатқан азаматтар саны азаяр емес. Келтірілген материалдық залал миллиардтаған теңгемен есептеледі. Тағы бір өзекті мәселе – алаяқтардың қолында жәбірленушілердің барлық жеке деректері, тіпті банк шоттарының жай-күйіне дейінгі ақпараттар бар, – деген еді бұған дейін депутат.
Депутаттың айтуынша, елімізде мұндай қылмыстардың көпшілігі ашылмайды, ал зардап шеккен азаматтар өз атына рұқсатсыз рәсімделген несиелерді жылдар бойы төлеуге мәжбүр.
– Біз әзірге киберқылмыскерлермен күресте әлсізбіз. Осыған байланысты Қазақстан Халық партиясының фракциясы нақты әрі пәрменді шешімдер қабылдау қажет деп санайды. Ұлттық банкке банктік қызметтердің алаяқтық құралына айналуына жол бермеу үшін азаматтарға электронды несие беруге тыйым салу жөнінде шара қабылдауды ұсынамыз, - деген еді Магеррамов депутаттық сауалында.
@halyk_partiyasy