Қазақстан Халық партиясынан Мәжіліске сайланған депутаттар өңірлерге аттанды. Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар «Павлодар облыстық кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің өкілдерімен жүздесті.
Ол жиналғандарға Мәжілістегі ҚХП фракциясының қызметі туралы мәлімет берді.
– Бүгінгі кездесудің маңызы зор, – деді депутат. – «ҚР Кәсіподақтар туралы» заң жобасы ҚХП бастамашылық еткен заң жобаларының бірі болды. Қазіргі заң қолданыстан алынады. Қазір біз жаңа құжатпен жұмыс істеп жатырмыз.
Мәжілісмен партия ұсынған жоба кәсіподақтардың еңбек саласында ғана емес, қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық құқығы саласындағы өкілеттіктерін кеңейтуге бағытталғанын айтты.
– Біз жылдар бойы «жұмыс істейтін кедейлік» сияқты құбылыс туралы айтып келеміз, – деп атап өтті И.Сұңқар. – Адамдар мардымсыз жалақы үшін жұмыс істейді. Біз халықаралық еңбекақы төлеу конвенциясын (ХЕҰ) ратификациялауға бастама жасағымыз келеді. Соған сәйкес ең төменгі жалақы (ЕТЖ) орташа жалақының 50% мөлшерінде белгіленуге тиіс.
Кәсіподақ өкілдері бұл идеяны мақұлдап, ұсыныстарымен бөлісті. Білім беру жүйесі қызметкерлерінің құқығын қорғаушылар «Педагог мәртебесі туралы» заң нашар жұмыс істейтінін атап өтті. Жалақыны жоғарылату кезінде мектептердегі бухгалтерлер, кітапханашылар, психологтар, медбикелер назардан тыс қалды. Жергілікті атқарушы органдар мұғалімдерге санитарлық-курорттық емдеу ақысын төлемейді және ауылдағы жас мамандарға әлеуметтік пакет бермейді.
– Қазақстанның барлық энергетикасы шетқақпай қалды, – деді энергетика саласы кәсіподақтарының өкілдері. – Бұл тек Павлодар облысында ғана емес, ел бойынша орын алған жағдай.
Энергетиктер кадр тапшылығына, ауыр және қауіпті санаттағы жұмысшылардың зейнетке кеш шығатынына шағымданды. И.Сұңқар кәсіподақ өкілдерінің ұсынысын қолдады.
– Біздің партиямыздың бағдарламасында ауыр және қауіпті өндіріс қызметкерлерінің зейнет жасын төмендету қажеттігі нақтыланған, – деп атап өтті ол. – Қазір біз осы бастаманы алға ілгерілетіп жатырмыз.
Кездесуге қатысушылар кәсіподақтардың құқықтарына жаппай шабуыл жасалып жатқанын тілге тиек етті.
– Бізден әлеуметтік сақтандыру алынып тасталды, – деп атап өтті олар. – Ұжымдық шарт жасасу міндетті емес, өз қалауы бойынша жасалды. Бізді жұмыстан босату кезінде жұмысшылардың құқығын қорғау мүмкіндігінен айырды. Бұрын заң бойынша бұл мәселе кәсіподақтардың қатысуынсыз шешілмейтін.
Мәжілісмен заң жобасымен жұмыс істеу кезінде кәсіподақ басшыларының барлық тілегін ескеруге уәде берді.
Осы кездесуден соң И. Сұңқар Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманзайыповпен кездесті. Бұдан кейін ҚХП Павлодар облыстық филиалының қоғамдық қабылдауында азаматтарды жеке қабылдап, жергілікті партия белсенділерімен кездесті.