Әйелдер «Күміс жас» жобасынан бас тартуды ұсынды

Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов қоғамдық қабылдау өткізіп, азаматтармен кездесті.

Қоғамдық қабылдауға келген «Кернай» тұрғын үй кешенінің тұрғындары пәтер сатып алғаннан кейін бірқатар мәселелерге тап болғанын баяндады. Құжаттарды рәсімдеу кезінде қиындық туды, уәде етілген неміс жеделсатысының орнында сапасы әлдеқайда төмен, түрік жеделсатысы орнатылғаны анықталды. Жеделсаты істен жиі шығады. Мердігер жөндемейді, қызмет көрсетуші компанияға сілтейді.

– Бізге сапалы жеделсаты орнатып беруді талап етеміз, – деді тұрғындар.

Балаларға арналған ойын алаңдарының да сапасы сын көтермейді. Жарнамада барлығы әдемі, іс жүзінде керісінше. Футбол алаңы жоқ, ойын алаңы кішкентай. Жерасты паркингі болуға тиіс еді, алайда ол әлдекімдердің сатып алуының салдарынан сауда алаңына айналып кетті.

Депутатқа «Тұлпар» сауда орталығының айналасындағы апатты үйлердің де тұрғындары шағымданды. Олар апатты жағдайда деп танылған үйлердің күні бүгінге дейін сүрілмей тұрғанын, адамдар үреймен өмір сүріп отырғанын алға тартты. Айтуларынша, адамдар ылғалды жерде, егеуқұйрық жайлаған ортада тұруға мәжбүр.

– Астанада осындай жағдайда өмір сүреміз, – деді тұрғындар.

Қоғамдық қабылдау барысында Магеррам Магеррамов әйелдердің зейнет жасын 58 жасқа дейін төмендету бастамасын көтеріп жүрген қоғамдық қозғалыс өкілдерімен кездесті.

– «Күміс жас жобасы» жемқорлыққа белшесінен батып тұр және жұмыс істемейді! – деді олар. – Бос жұмыс орындары жоқ, әсіресе ауылда. Барлық жұмыс берушілер 40-45 жастан аспайтын қызметкерлерді іздейді. Әйелдер «Күміс жас» жобасын алып тастауды және бағдарламаны жүзеге асыруға бөлінген ақшаны зейнет жасын 58 жасқа дейін төмендетуге бағыттауды ұсынды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy