Қазақстан Халық партиясының Орталық аппараты Ақтөбе облыстық филиалымен бірлесіп, Ақтөбе қаласында жастарға арналған бірқатар іс-шара өткізді. Бұл кездесулердің мақсаты — жастардың бастамаларын тыңдау, олардың қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерге деген көзқарасын білу және оларды қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуға ынталандыру.
Ақтөбе қаласындағы Жастар ресурстық орталығында ҚХП өкілдері мен студенттер арасында ашық форматта кездесу өтті.
Іс-шара барысында партияның әйелдер және жастар қанатының жұмысы таныстырылып, студенттер әлеуметтік саясатқа қатысты өзекті сұрақтар қойды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастардың азаматтық белсенділігін арттырып, ел болашағына деген жауапкершілікті қалыптастырады.
ҚХП жанындағы әйелдер қанатының жетекшісі Гульбакулы Мұсабаева мен партияның Орталық аппаратының маманы Гүлдарина Нұрмағамбет әйелдер мен жастар қанатының жұмысы туралы баяндап берді. Өз кезегінде студенттер елдің әлеуметтік саясатына қатысты бірқатар маңызды мәселелерді көтерді.
– Кездесу жайлы атмосферада, ашық форматта өтті. Әсіресе жастардың белсенділігі мен саналы көзқарасы бізді ерекше қуантты! – деді партиялықтар.
Кейінірек, Aqtobe IT HUB алаңында ораторлық шеберлік бойынша семинар-тренинг ұйымдастырылып, қатысушыларға партиялық билет табысталды. Семинарда қатысушылар көшбасшылық қасиеттерді дамыту, сенімді сөйлеу және жауапкершілікпен жұмыс істеу сияқты тақырыптарды талқылады. Сонымен қатар, Ақтөбе облысының тұрғыны, «АТК-қызмет» ЖШС-нің қоқыс полигонының басшысы Комета Қуандыкова партияның «Үздік қызметі үшін» медалімен марапатталды.
Іс-шара барысында ҚХП өкілдері Ақтөбе қаласындағы Еуропалық жоғары экономика, бизнес және құқық колледжіне барып, оқытушылар құрамымен кездесті. Кездесу барысында партияның негізгі бағыттары, мақсаттары мен атқарылған жұмыстары туралы ақпарат берілді.
Бұл іс-шаралар Қазақстан Халық партиясының қоғаммен тығыз байланыста жұмыс істеп, жастардың саяси мәдениетін арттыруға және олардың ел болашағына белсенді қатысуына ықпал етуді көздейтінін көрсетеді.