Қазақстан халық партиясы парламенттік фракциясы ««Салықтық рулинг: заңнаманы жеңіл әрі түсінікті қолданудың заманауи тәсілі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Жиынға Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, кәсіби қауымдастықтар, кәсіпкерлер мен сарапшылар қатысты.
Салықтық рулинг – Қазақстан үшін жаңа әрі кеңінен танылмаған ұғым. Бұл – салық органының ресми түсіндірмесі, оның негізінде кәсіпкерлер белгілі бір мәміле жасалған жағдайда өз құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ салық жүктемесінің деңгейін алдын ала анықтай алады. Іс-шара модераторы, ҚХП фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың айтуынша, салықтық рулинг кәсіпкерге шешімдерінің салдарын алдын ала біліп, қателіктен сақтануға мүмкіндік береді.
– Бұл – салық төлеуші мен мемлекет арасындағы сенім мен әріптестікке жол ашатын құрал. Бүгін біз салық заңнамасын қатаң әрі әділ ғана емес, сонымен бірге түсінікті, болжамды және қолайлы ету жолдарын ашық талқылап отырмыз, – деді депутат.

«Legalman» заң консультанттары палатасы төрағасының кеңесшісі Михаил Надточий салықтық рулингтің әлемде бір ғасырдан бері қолданыста бар екенін айтты. Шетелде ол бизнес пен салық органдары арасындағы нақты тиімді тетікке айналған. Өкінішке қарай, Қазақстанда бұл жүйенің орнығуы әзірге қиын болып отыр.
– Салықтық рулинг салық қатынастарына қатысушы барлық тараптың мүдделерін тоғыстырады, – деді Надточий.

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті әдіснама департаментінің директоры Ораз Абдрахманов мұндай жүйені енгізу үшін кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ салықтық рулингтің құқықтық мәртебесін заң жүзінде бекіту қажеттігін жеткізді.
– Бұл ретте мәселені мемлекеттік кірістер органы тұрғысынан да, салық төлеуші тұрғысынан да байыппен қарау керек. Мұндай түсіндірмелердің заңды күші бола ма? Егер салықтық рулинг институты дамыса, осы мәселені терең қарастыруға тура келеді, – деді ол.

Ресей халықтар достығы университетінің әкімшілік және қаржы құқығы кафедрасының меңгеруші орынбасары Злата Макарчук өз елінің тәжірибесімен бөлісті.
– Салықтық рулинг салық төлеушіге өзін сенімді сезінуге мүмкіндік береді. Талқылау барысында қатысушылар салықтық рулингке көшу – «ортақ мүдде үшін жасалатын маңызды қадам» екенін атап өтті. Бұл қадам салық заңнамасын әртүрлі түсіндірудің алдын алады. Сондай-ақ елдегі салық заңнамасының жиі өзгеруі ұзақмерзімді бизнес-жобаларды жүзеге асыруды қиындататыны айтылды, – деді ол.
Жиынды қорытындылай келе, Магеррам Магеррамов салықтық рулингті енгізу бағытындағы жұмыс жалғасатынын мәлімдеді.

– Бүгінгі талқылау салық жүйесін барынша түсінікті әрі әділетті етуге қосылған маңызды үлес болады деп сенемін, – деді депутат.

@halyk_partiyasy