Мәжілісте банкроттық институтын жетілдіру мәселесі талқыланды

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясының Мәжілістегі фракциясы «Банкроттық институтын жетілдіру: мемлекет, азамат және кредитор мүддесінің теңгерімі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Оған Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, банк және микроқаржы ұйымдарының басшылары, заңгерлер мен сарапшылар қатысты.

Физикалық тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын енгізу – депутаттардың ұзақ жылдардан бергі бастамасы. Бүгінде ол заңды күшіне енгенімен, тәжірибеде түрлі түйткілдер туындап отыр. Шараны жүргізген ҚХП фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов бұл мәселеде әр тараптың өз мүддесі барын айтты: мемлекет үшін – қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен қарызға жауапкершілікті қалыптастыру маңызды болса, кредиторлар үшін – қаражатты ашық әрі өркениетті жолмен қайтару, ал қарыз алушы үшін – қарыз ауыртпалығынан құтылып, екінші мүмкіндік алу аса қажет.

– Бастысы – тепе-теңдікті сақтау. Бір жағынан заңды асыра пайдалануға жол бермеуіміз керек, екінші жағынан адал борышкерге жаңа мүмкіндік берілуі тиіс. Сонда ғана банкроттық институты әділетті де тиімді жұмыс істейді, – деді ол.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов қазіргі ахуалды баяндады. Оның дерегінше, елімізде шамамен 1 миллион адамның банк алдындағы 12 айдан астам өтелмеген қарызы бар. Жалпы берешек көлемі – 898 млрд теңге. Микроқаржы ұйымдарына 84 мың адам 30 млрд теңге қарыз, ал коллекторларға 500 мыңға жуық азаматтың берешегі 250 млрд теңгеге жеткен. Соттан тыс банкроттық рәсіміне жүгінген 277 мыңнан астам адамның ішінде тек 41,4 мыңы банкрот деп танылды, ал қалған 205 мыңға жуық азаматтың өтініші қанағаттандырылмады.

– Көп жағдайда азаматтардың қарыз сомасы немесе мерзімі талапқа сай келмейді. Сонымен бірге берешекті реттеу туралы құжаттарының болмауы немесе мүлікке иелік етуі (жылжымайтын үй-жайы не көлігі бар болуы) да кедергі келтіреді, – деді Қизатов.

«Smart Approach» компаниясының бас директоры, «ReStartMe» жобасының мүшесі Ғайни Әбілхасова банкроттық рәсімін толық аяқтау бүгінгі күні өте күрделі екенін атап өтті. Ол бірқатар тосқауылдарды атап өтіп, оларды жеңілдету жөнінде ұсыныстар айтты.

– Бұл – қарапайым отбасылардың тағдырына әсер ететін мәселе. Сондықтан заңның әлеуметтік міндетін толық атқаруы үшін кедергілерді азайту қажет, – деді ол.

ҚХП фракциясының депутаты Ирина Смирнова банктердің қарапайым азаматтарға қарағанда артықшылықтары тым көп екенін айтты. Оның пікірінше, серіктестік қатынас жайлы сөз қозғаудың өзі артық.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та банктердің көбіне мемлекеттің емес, өз мүддесін көздеп отырғанын айтқан еді. Олар шағын және орта бизнеске емес, тұтынушылық несиелерге көбірек көңіл бөледі. Бұл – банк қызметінің өсімқорлық сипатын күшейтіп отыр. Ал бүгінде банктер – қожайын, халық – құл сияқты көрініс қалыптасқан. Бұл әділдік емес! Банктер де қарыз алушының жауапкершілігін бөлісуге тиіс, – деді депутат.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар әзірленді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy