Қазақстан Халық партиясы облыстық, аудандық, ауылдық және кенттік әкімдіктерден өздеріне сеніп тапсырылған елді мекендерді абаттандыруды талап етеді. ҚХП парламенттік фракциясы депутаттарының пікірінше, жергілікті билік өз міндеттеріне немқұрайлы қарайды.
Депутат Ирина Смирнова Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы кентінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Мәжіліс депутаты сапар барысынан көңілі бұзылып, жағымсыз әсермен оралғанын жасырмады.
– Ауылдың ішін аралап көргенде күйзелісті жағдайға тап болып, басыңды шайқайсың - деді Смирнова. – Кентте жолдар жоққа тән, айнала қазылып кеткен жолдар мен ойдым-ойдым шұңқырлар, құрылыс қалдықтарынан бастап малдың қиына дейін үйіліп жатқан қоқыстар. Бір айта кететіні, қоқыс шығарылмаған соң тұрғын үйлердің іргесі мен ауыл маңынан ағатын әп-әдемі өзеннің бойының бәрі қоқыстан аяқ алып жүргісіз күйге келген. Барлық маңайда қираған құрылыстар, күтім көрмеген аумақтар.
Бұл проблемалардың толық тізімі емес. 38 мыңға жуық адам тұратын Қарғалыда жарықтандыру мүлдем жоқ, ауызсудың өзі үзіліп-созылып беріледі, кәріз жүйесі де жартылай бұзылып, жергілікті аурухананың қауіпті қалдықтары тұрғындардың өздері қазған сарқынды арықпен ағып жатыр, басқа ағын су жоқ.
Кентте мәдени демалыс түрі атымен жоқ. Мұнда клуб та, мәдениет үйі де, спорт залдары да жоқ. Жергілікті мектептің футбол алаңы қараусыз қалып отыр. Бір кездері қуатты қалашық болған шұға комбинатының орасан зор аумағы мен корпустары, сондай-ақ оның алдындағы саябақ қираған және қоқыс алаңына айналған.
– Заңға сәйкес, абаттандыру, жарықтандыру, санитарлық тазарту бойынша мәселелердің барлығы кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің құзыретіне жатады, - деп еске салды ҚХП депутаты. - Егер әкімдер өз ісіне жауапты болса, онда олар неге мұндай жағдайға жол береді? Неге өз міндеттеріне немқұрайлы, жауапсыз қарайды? Облыс әкімдігіне аталған мәселені шұғыл қарауды және жоғарыда аталған проблемаларды жоюға бағытталған тиісті шараларды қабылдауды ұсынамыз!
ҚХП фракциясы мемлекеттік органдар мен жергілікті белсенділерге бірлесіп кентті дамыту бағдарламасын анықтау бойынша штаб құруды ұсынды. Бұдан басқа, мәжілісмендер бірқатар министрліктер мен ведомстволарға жағдайды жақсартуға бағытталған ұсыныстар кешенін жолдады.