Қазақстан Халық партиясының Атырау облыстық филиалы «Жайық-Каспий бассейні проблемасы» тақырыбында халықаралық алқалы жиын өткізді. Оған азаматтық белсенділер, мемлекеттік органдар мен сарапшылар қоғамдастығының өкілдері, соның ішінде Каспий маңы елдерінің өкілдері қатысты.
Каспий теңізіндегі су деңгейі 2006 жылдан бері төмендеп келеді және қазіргі уақытта ол ең шектік деңгейге жетті. Әлемдік мұхиттан оқшауланған әлемдегі ең ірі су айдынының таяздануын сарапшылар климаттың жаһандық өзгеруімен, ауа температурасының көтерілуімен, қарқынды буланумен, жауын-шашынның болмауымен және негізгі құятын өзендер - Жайық пен Еділ ағысының төмендеуімен байланыстырады.
Қазір Каспийдің тағдыры ең жоғары деңгейде талқылануда. Бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізін зерттеу жөніндегі мемлекеттік ғылыми институт құруды тапсырған болатын. Оның қызметі халықаралық ынтымақтастыққа да бағытталатын болады. Ресейлік ғалым-океанолог, Ширшов атындағы Океанология институты директорының орынбасары, география ғылымдарының докторы, профессор және Ресей ғылым академиясының корреспондент мүшесі Петр Завьялов бұл бастаманы барынша құптады.
– Бұл алға қарай жасалған маңызды қадам болады. Біздің институт, егер мұндай көмек қажет болса, әдіснамалық көмек көрсетуге дайын, - деп мәлімдеді ол.
Каспий теңізі деңгейінің төмендеуін көптеген сарапшылар уақытша және заңды құбылыс деп есептейді. Бұл олардың есептеулері бойынша, 2028 жылға дейін жалғасатын циклдық процесс. Алайда, антропогендік факторлардың, яғни, адамдардың қолдан жасаған әрекеттерінің әсерін де ескеру керек.
– Бұл жер - экономика мен экологияның көзге көрінбестей нәзік тоғысқан жері, - деп атап өтті эконометрика профессоры Нұрлан Мұнбаев - Каспий маңы аймағы – газға бай аймақ. Егер біз мұнай бизнесі мен шетелдік инвестордың пайдасына экологиялық тепе-теңдікті бұзатын болсақ, су қоймасының биологиялық әралуандығын жоғалтуымыз мүмкін.
Алқалы жиын қорытындысы бойынша әзірленген талап-тілектер мен ұсыныстар ҚХП парламенттік фракциясына және мүдделі мемлекеттік органдарға жіберіледі.