Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстанның өркендеуі – білімді және отаншыл жастардың қолында

Республика күніне орай ұйымдастырылған салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, барша қазақстандықты мерекемен құттықтап, мемлекеттік наградалар табыстады.

Президент өз сөзінде еліміздің тәуелсіздігіне жол ашқан тарихи құжат – Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның мәні мен маңызын атап өтті. Сондай-ақ ол соңғы жылдары жүзеге асқан реформалар мен алдағы міндеттерге тоқталып, «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асырумен қатар, қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызды екенін айтты.

– Жалпы алғанда, барлық салада атқарылып жатқан жұмыстар нәтижелі жүріп жатыр деп сеніммен айтуға болады. Бірақ бұл жеткіліксіз. Біз басталған реформаларды жалғастыруымыз қажет, – деді Президент.

1

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан – әділетті, қауіпсіз, таза әрі қуатты мемлекет болуы тиіс. Ел тұрақтылық пен келісімді сақтай отырып, жауапкершілігі жоғары азаматтарды тәрбиелеуге басымдық беруі қажет.

– Қазақстанның өркендеуі – отаншыл, тәртіпті, білімді, мәдениетті, белсенді әрі ойлы жастардың қолында. Біз бәсекеге қабілетті ұлтқа айналуымыз керек! – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Парламент реформасына да тоқталды. Оның пікірінше, бір палаталы жүйеге көшу Парламенттің беделі мен өкілеттігін арттырады. Ал жергілікті деңгейде мәслихат сайлауларында мажоритарлық жүйені сақтау қажет.

– Қазақстан Республикасы күшті президенттік билікке арқа сүйеген мемлекет болып қалуға тиіс екенін атап өткім келеді. Бұл қазіргідей алмағайып заманда еліміздің сенімді келешегіне кепіл болады. Өйткені парламенттік жүйе қауіпсіздік пен тәртіп, тұрақтылық пен даму тұрғысынан өз міндетін толық атқара алмай отыр. Кейбір сарапшылар мен саясаткерсымақтардың ұшқары тұжырымдарына көзсіз еріп, мемлекеттілігімізге қатер төндіруге еш хақымыз жоқ, – деді Тоқаев.

2

Президент елді цифрландыру ісін жандандырудың, отандық өндірісті дамытудың және жаңа Салық кодексін енгізу бағытында Үкіметтің жүргізіп жатқан жұмыстарының маңыздылығын да атап өтті.

– Әділетті Қазақстанды тек мемлекет, бизнес және қоғамның бірлескен еңбегі арқылы ғана құра аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында.

ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов Президенттің сөзінде президенттік биліктің рөліне берілген бағаны ерекше атап өтті.

– Біз тарихи кезеңді бастан өткеріп отырмыз. Сондықтан батыл әрі жауапты шешімдер қабылдау қажет. Президенттік билік аясында жүргізіліп жатқан реформалар олардың жүйелі және тиімді жүзеге асуына мүмкіндік береді. Күшті президенттік билік – мақсат емес, ол тұрақтылық пен бірлікті сақтаудың, мемлекетті нығайтудың және азаматтардың мүддесін қорғаудың құралы, – деді депутат.

Ал Мәжіліс депутаты, ҚХП мүшесі Смирнова Мемлекет басшысының әлеуметтік салаға қатысты ойларына назар аударды.

– Әлеуметтік саясатымыз тиімді әрі әділетті болуы тиіс. Бәсекеге қабілетті ел болу үшін ең алдымен білім мен ғылымды дамыту қажет. Сонымен қатар ұлт саулығын жақсартуға бағытталған кешенді шаралар қабылданды, – деді ол.

ҚХП жанындағы «JAS ORTA» жастар қанатының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар жастардың басқару ісіне қатысу деңгейі артып келе жатқанын атап өтті.

– Бүгінгі таңда тәуелсіздігіміз бен егемендігімізді қадірлей отырып, елдің өркендеуі үшін аянбай еңбек етуіміз қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әлеуметтік саланы және кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жаңа тетіктер енгізілуде. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, Отанымыздың дамуына үлес қосу – біздің парызымыз, – деді жас депутат.

Айта кетейік, мереке қарсаңында Ислам Сұңқардың еңбегі де еленді. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жас депутатқа «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалін табыс етті.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy