Қазақстан Конституциясына – 30 жыл

Қазақстан Халық партиясының Мәжілістегі фракциясы «Қазақстан Республикасының Конституциясы: ел тәуелсіздігі мен мемлекеттік тұтастықтың, заң үстемдігі мен құқықтық тәртіптің кепіліне 30 жыл» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, ҚХП басшылығы, Орталық сайлау комиссиясы мен Конституциялық сот өкілдері, мемлекеттік органдардың мамандары, сондай-ақ заңгерлер, ғалымдар, сарапшылар қатысты.

Жиында құқықтық мемлекетті дамыту, сот жүйесін жетілдіру және елдегі демократиялық институттарды нығайтудағы Конституцияның рөлі сөз болды. Бірнеше баяндама 2022 жылғы конституциялық реформаға арналды. Орталық сайлау комиссиясының өкілі Асылбек Смағұлов жаңа нормалардың қазақстандық сайлау құқығына ықпалы туралы баяндады. Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан реформаны елдің саяси жүйесінің жаңа кезеңі деп атап өтті. Ал заң ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Индира Әубәкірова енгізілген өзгерістер халықтың билікке өкілдік ету тетіктерін едәуір нығайтқанын түсіндірді.

1

Жиынға төрағалық еткен Мәжіліс депутаты, ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов 30 жыл бойы Қазақстан Конституциясы әрбір азаматтың құқығы мен бостандығының кепілі болып келе жатқанын атап өтті.

– Біздің елдің жолы ерекше. Тарихи тұрғыдан өте қысқа мерзім ішінде біз көшпелі дала демократиясынан тәуелсіз мемлекетке дейінгі жолды жүріп өттік, – деді депутат.

2

Оның айтуынша, Конституция қабылданған уақыттан бері заман талабына сай бірнеше мәрте толықтырылып, өзгерістер енгізілді.

– 2022 жылғы конституциялық реформа Жаңа Қазақстанды құрудағы жаңа белес болды. Ол адам құқықтарының басымдығын заң жүзінде бекітті, елдің саяси құрылымына түбегейлі өзгерістер енгізді және азаматтардың мемлекеттік басқаруға белсене қатысуына жол ашты, – деді Магеррамов.

Дөңгелек үстел соңында бірқатар ұсыныстар қабылданды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy