Қазақстан мен Қатар арасында жасалған Әскери ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімде барлық нюанс ескерілмеген. Мұны заң жобасын талқылау барысында депутаттардың қойған сауалдарынан байқауға болады.
Құжатты депутаттарға таныстырған Қорғаныс вице-министрі Дархан Ахдиев құжатты ратификациялау тараптарға әскери білім, ғылым және медицина сияқты салаларда ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік беретінін айтты. ҚХП депутаты, Халықтың әлеуметтік осал топтары құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейітжан медицина бойынша ынтымақтастық толығырақ түсіндіруді сұрады.
«Армия, әскерилер әртүрлі жергілікті қақтығыстарға қатысады. Осы ретте екі елде соғыс қимылдары барысында зардап шеккен және мүгедек болып қалған әскери қызметшілер үшін қандай да бір Оңалту орталықтары Келісімде қарастырылған ба», - деп сұрады депутат.
Белгілі болғандай, мұндай мәселелерді шешу Келісімде қарастырылмаған.
«Келісімде тек әскери қызметкерлердің дайындық бағдарламасы қарастырылған. Ал мұндай мәселе көтерілген жоқ», - деп нақтылады Дархан Ахдиев.
Мәжіліс Қазақстан мен Катар үкіметтері арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады. Құжатқа 2023 жылдың 12 желтоқсанында Дохада қол қойылған болатын. Келісім аясында екі мемлекеттің құзырлы органдары әскери ынтымақтастықты айқындап, ұйымдастыратын және үйлестіретін бірлескен жұмыс тобын құрады.