Парламент Мәжілісі Қазақстан мен Катар үкіметтері арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады. Құжатқа былтыр12 желтоқсанда Дохада қол қойылған.
Қорғаныс вице-министрі Дархан Ахдиевтің айтуынша, Келісімде екі мемлекеттің бірлескен мәдени және спорттық іс-шараларынан бастап бітімгершілік операцияларға қатысты мәселелер бойынша консультацияларға дейін түрлі аспектілер қамтылған.
«Екі мемлекеттің уәкілетті органдары әскери ынтымақтастықты айқындайтын, ұйымдастыратын және үйлестіретін бірлескен жұмыс тобын құрады», - деп түсіндіріп өтті Ахдиев.
Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов құжаттың мерзімі бес жылды құрайтынына назар аударып, бұл жағдайдың себебін сұрады.
«Осығына ұқсас келісім Түркия Республикасымен белгісіз мерзімге, ал Ресей Федерациясымен 10 жылға жасалды. Шарттың әрекет ету мерзімін белгілеу кезінде тараптар басшылыққа алатын қандай да бір критерийлер немесе шарттар бар ма?», - деп сұрады депутат.
Қорғаныс вице-министрі халықаралық шарттар туралы заңнамада мұндай келісімдердің әрекет ету мерзімі нақты белгіленбегенін айтты.
«Мұндай шарттардың мерзімі әр мемлекетпен жеке анықталады. Сонымен қатар, әрбір келісімде оны мерзімінен бұрын тоқтату мүмкіндігі жөніндегі ереже бар», - деп атап өтті Ахдиев.
Осы ретте вице-министр бүгінде Қазақстанда мұндай құжаттарды автоматты түрде ұзарту мүмкіндігімен бес жылдық кезеңге жасау тәжірибесі қалыптасқанын атап өтті.