Қазақстанға террористердің, экстремистердің және педофилдердің кіруіне тыйым салынады

dep.jpg

Мәжіліс көші-қон мәселелері бойынша заңнамаға түзетулерді қабылдады. Құжат, бір жағынан, өмірбаяны бұлдыр адамдардың елге келуін қатаңдатуға, екінші жағынан, заңға бағынатын азаматтардың азаматтығын алу рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған.

Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының басшысы, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамовтың айтуынша, заң жобасын көші-қон саласындағы мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіру мақсатында депутаттар тобы әзірлеген. Жаңа нормалар кәмелетке толмағандарға жасаған жыныстық сипаттағы қылмыстары үшін сотталған шетелдік азаматтардың республикаға келуін және ел азаматтығын алуын шектеуді, сондай-ақ экстремистік және террористік әрекетке қатысы бар шетелдіктердің елге кіруіне толық тыйым салуды көздейді. Тағы бірнеше тармақ төтенше жағдайларда қолданылу мерзімі өтіп кеткен құжаттарды пайдалану мәселесін реттеуге арналған.

– Жоғарыда аталған жаңашылдықтарды іске асыру заңнамадағы олқылықтарды жояды, көші-қон бақылауын барынша тиімді қамтамасыз етеді және халықты құжаттандыру рәсімдерін жақсартады, - деді М.Магеррамов.

Бұдан басқа, құжатта «қандас» мәртебесін беру және этникалық қоныс аударушылар үшін азаматтықты қабылдау немесе қалпына келтіру рәсімдері жетілдірілді. Атап айтқанда, елімізде тұрақты тұратын ҚР азаматтарының жесірлері мен балалары өңірлік квотаға енгізіліп, жеңілдетілген тәртіппен біздің азаматтығымызды қабылдай алады. Жұмыс күші көп өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге ерікті түрде қоныс аударуға қатысушыларға төленетін мемлекеттік субсидиялар үшін кредиттер бойынша өндіріп алудан қорғау қамтамасыз етіледі. Ал еңбек мигранттары бір айдан он екі айға дейінгі мерзімге жұмыс істеуге рұқсат алу мүмкіндігіне ие болады.

Заң жобасы қабылданды және Парламент Сенатының қарауына жіберілді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy