Қазақстанда АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб құрылды

Қазақстанда АЭС (атом электр станциясын) салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб құрылды. Оның құрамына 6 саяси партияның, сондай-ақ 20 республикалық қоғамдық бірлестіктің 250-ге жуық өкілі кірді. Атап айтқанда, Парламент және мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, белгілі ғалымдар, еңбек сіңірген мәдениет және спорт қайраткерлері, сондай-ақ азаматтық белсенділер.

Мәжіліс Спикері, "AMANAT" партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов штаб құрамына еліміздегі белсенді әрі беделді саяси және қоғамдық ұйымдарының өкілдері біріккенін айтты. Штабтың мақсаты – халықты атом электр станциясын салу жөніндегі прогрессивті идеяның шеңберінде топтастыру. 

– Бұл – ең алдымен, қауіпсіз, сенімді, экологиялық таза жоба. Біз үлкен таңдау алдында тұрмыз. Сондықтан Халықтық штабтың міндеті – ел арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғамды АЭС-ті қолдауға жұмылдыру, – деп нақтылады Ерлан Қошанов.

1

Отырыс барысында АЭС құрылысын қолдау мақсатында штабқа құрамына кірген құрылымдардың басшылары сөз сөйледі. Талқылауға Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев та белсенді қатысты. ҚХП басшысы бұрыннан атом энергетикасын дамыту идеясын жақтаушылар қатарында. Сондай-ақ бұл мәселені өзінің YouTube-арнасында сарапшылармен бірнеше рет талқылаған болатын.

- Атом энергетикасы – бұл елдің болжамды түрде тұрақты дамуына және мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне әсер ететін мәселе. Ресей, Қырғызстан немесе Өзбекстан сияқты көршілес елдердің қуат көзіне тәуелділік жалғаса берсе, ел егемендігінің өміршеңдігі ұзаққа бармауы мүмкін, – деді Ермұхамет Ертісбаев.

2

Осы ретте Халық партиясының төрағасы АЭС құрылысын геосаяси міндеттердің қатарына жатқызып, әртүрлі серіктес елдермен бірден үш жоба әзірлеуді ұсынды: Қытай, Ресей, Франция, Оңтүстік Корея және т.б.

– АЭС мәселесі – бұл біздің балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы. Оған қоса Қазақстанның орта мерзімді перспективадағы дамуының мәселесі, – деп түйіндеді Ертісбаев.

3

Ермұхамет Ертісбаев өз тарапынан Қазақстан Халық партиясы халықты АЭС құрлысын қолдап дауыс беруге көндіру үшін бар күш-жігерін салатынын айтты. Жақында штаб өкілдері өңірлердегі сайлаушылармен жұмысты бастайды, еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, елді мекендерді аралайды. Отандық атом энергетикасының тағдырын шешетін Референдум 2024 жылдың 6 қазанында өтеді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy