Қазақстанда спорттық инфрақұрылым жетіспеушілігі мәселесі әлі де шешімін таппай келеді. Тіпті, Астананың өзінде алаңдар мен спорт зал тапшылығы бар. Осы ретте Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар жастар спорты саласындағы осы және өзге де мәселелер жөнінде №9 БЖСМ басшылығымен және Астана қалалық семсерлесу федерациясы өкілдерімен талқылау өткізді.
Спортшылардың пікірінше, отандық спортты жоғары деңгейге көтеріп, үлкен жетістіктерге қол жеткізуге кедергі келтіретін негізгі проблемалардың бірі – ол бапкерлердің жалақысының төмен болуы. Олар аталған мәселені шешу үшін индексация жасау қажет екенін айтты.
– Елімізде спорттық инфрақұрылым жетіспейді. Атап айтқанда, сабақ өткізуге және болашақ Олимпиада чемпиондарын дайындауға арналған арнайы бөлмелер жоқ, – деді кездесуге қатысушылар.
Қазір көптеген БЖСМ қаланың әр жерінде орналасқан үй-жайларды жалға алуға мәжбүр. Мысалы, белгілі бір спорт түрі бойынша залды жылдық жалдау құны шамамен 90 миллион теңге болады. Яғни бұл залды жалдау ақысы ғана. Ал жаттығу – жеңіс кепілі екенін ескерсек, бұл өте ыңғайсыз әрі қымбат.
– Бүгінде жаттығатын арнайы бөлмелер жетіспейді. Болған күннің өзінде көбіне көлемі кішкентай немесе ауасы тар. Сондықтан да осындай қарапайым дүниелер назарға алынып, жағадай жасалса, – деп спортшылар өз шағымдарын жеткізді.
Депутат Ислам Сұңқар аталған мәселелерді алдағы парламенттік сессияда талқылауға шығаруға ниетті екенін жеткізді. Қазіргі уақытта Мәжілісте Спорт және дене шынықтыру туралы жаңа заң жобасына қатысты жұмыстар жүргізілуде.