Қазақстанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан халықаралық байқаушылар миссиясы өз жұмысын бастады. Олар АЭС құрылысы бойынша референдумның өту барысын бақылайтын болады. Бір күн бұрын миссия штабының жетекшісі Олег Кулеба ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровпен кездесті.
Отырыс барысында миссия штабының басшысы мониторингке ТМД мемлекеттері мен органдарының 50-ге жуық өкілі қатысатынын айтты. Олар тек мегаполистерде ғана емес, басқа да өңірлердегі сайлау учаскелерінде бақылау жүргізетін болады.
Кездесу барысында Нұрлан Әбдіров пен Олег Кулеба халықаралық қадағалау жүйесін ұйымдастыру мәселелері бойынша пікір алмасты, миссия басшысы жемісті және сындарлы ынтымақтастыққа ниетті екенін білдірді.
«Халықаралық байқаушылар үшін барлық қажетті жағдай жасалады», - деді ОСК төрағасы.
АЭС құрылысы бойынша референдум 2024 жылғы 6 қазанда өтеді. Бұған дейін бұл тақырып қоғамда кеңінен талқыланған болатын. Қазақстан Халық партиясы АЭС құрылысын қолдап, ел азаматтарына үндеу жасады.
«...Біз келешек ұрпаққа энергетикалық егемендік пен тәуелсіздікке кепілдік беріп, оларды жылумен және жарықпен қамтамасыз ете отырып, лайықты мұра қалдыруға тиіспіз! Қазақстанға АЭС қажет!», - делінген үнеу мәтінінде.