Қазақстандық бітімгерлер Таяу Шығысқа барады

dep.jpg

Қазақстандық бітімгерлер Біріккен Ұлттар Ұйымының Израиль, Палестина, Сирия және Судандағы миссияларына қатысатын болады. Мұндай шешім Парламент палаталарының бірлескен отырысы барысында қабылданды.

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов хабарлағандай, қазақстандықтар бұған дейін БҰҰ-ның Батыс Сахара, Кот-д 'Ивуар, Мали, Орталық Африка Республикасы мен Ливандағы бітімгершілік миссияларына әскери бақылаушылар мен штабтық офицерлер ретінде қатысқан болатын.

– БҰҰ басшылығы біздің әскери қызметшілердің жауынгерлік машығына жоғары баға берді, - деп мәлімдеді Жақсылықов. - Көптеген қазақстандық офицерлер бітімгершілік қызметке қосқан жеке үлесі үшін медальдармен марапатталды және миссия қолбасшылығының алғысына ие болды.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері бүгінгі таңда бітімгершілік миссиясына жекелеген әскери қызметшілерді де, мамандандырылған бөлімшелерді де бөлуге дайын. Министр қазақстандық әскери қызметшілердің алғашқы дербес ұлттық бітімгершілік контингенті «Голан биіктіктеріндегі бөлінуді бақылау жөніндегі БҰҰ күштері» миссиясына жіберілгенін ерекше атап өтті. Бұл ретте Жақсылықов бітімгершілік миссиялар соғысу немесе ұрыс қимылдарын жасау емес екенін атап өтті. Олардың басқа мақсаты - бейбіт шарттардың орындалуын бақылау.

Парламенттегі қысқа талқылаудан кейін депутаттар БҰҰ-ның Израиль, Палестина, Сирия және Судандағы миссияларына қатысу үшін баратын ҚР ҚК бітімгершілік контингентін 430 адамға дейін жеткізу туралы ұсынысты қолдады. Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының депутаттары бұл шешімді мақұлдағандар қатарында болды.

– Қазақстанның БҰҰ бітімгершілік миссияларына қатысуы практикалық дағдыларды игеруде, Қарулы Күштердің әлеуетін арттыруда, жалпы алғанда, тәжірибені арттыруда үлкен маңызға ие деп санаймыз, - деп атап өтті мәжілісмен Ислам Сұңқар. - Сондай-ақ бұл Қазақстанның БҰҰ-ның толыққанды мүшесі ретіндегі халықаралық аренадағы рөлін арттыруға ықпал етеді деп есептейміз.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy