Кедендік дәліз жеңілдетілді

dep.jpg

ҚР Парламент Мәжілісі Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің Үкіметтері арасындағы оңайлатылған кеден дәлізін (ОКД) құру туралы келісімді ратификациялады. Бұл құжатқа тараптар 2022 жылғы 11 қарашада Самарқанд қаласында қол қойған болатын.

Қаржы министрі Мәди Тақиевтің пікірінше, Келісімнің арқасында қазақстандық тауарлар түрік мемлекеттерінің шекарасынан оңай өтеді. Құжат аясында «оңайлатылған кедендік дәліз» және «сауда операторлары» сияқты жаңа ұғымдар енгізіледі. Оның негізгі мақсаты - ОКД бойынша тараптар арасында өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру. Ақпарат алмасу жетілдіріледі, ал сауда операторларына бірқатар жеңілдіктер беріледі. Атап айтқанда, кедендік ресімдеудің басым тәртібі және өткізу пункттерінде тексеруді қолданбау, сондай-ақ жекелеген қозғалыс жолақтарын қоса алғанда, жеңілдетілген кедендік рәсімдеулер секілді жағдайлар қарастырылған. Келісім күшіне енгеннен кейін тараптардың кеден органдары тағы жарты жыл бойы пилоттық жоба шеңберінде жұмыс істейтін болады.

Алайда, Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов «бұл құжат Қазақстан мен түркі мемлекеттері арасында бұрын жасалған екіжақты жеке-жеке келісімдерді қайталап тұрған жоқ па?» деп сұрады.

– Бұл бағытта бұрын жасалған екіжақты шарттар бар, ендеше, мұндай Келісімнің қажеттілігі неде? - деп сұрады Мәжіліс депутаты. - Келісімді ратификациялау қолданыстағы екіжақты шарттарға өзгерістер енгізуді талап ете ме? Және осы ұйым мемлекеттерінің кеден органдарының ақпараттық жүйелерін бірыңғай электрондық жүйеге интеграциялау болжанып отыр ма?

Қаржы министрі бұл Келісімнің барлық кедендік рәсімдерді біріктіретінін түсіндірді.

– Бұл бізге серіктестерімізден ерте кезеңде ақпарат алуға және жасыл дәліз арқылы жүктерді тексерусіз өткізуге мүмкіндік береді, - деп хабарлады ол.

Екіжақты келісімдерді өзгерту үшін ортақ ақпараттық база құру талап етілмейді. Ал ақпарат алмасу айтарлықтай жақсарады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy