ҚХП депутаты Көксудағы ГЭС мәселесін көтерді

dep.jpg

ҚХП депутаты Ирина Смирнова Жетісу облысындағы Көксу өзенінде салынып жатқан шағын су электр станциялары каскадының құрылысына қатысты заң бұзушылықтарды мұқият тексеруді талап етті.

Аталған жоба басталғалы бері түрлі даудан арылмай келеді. Оған қарсы шыққандардың қатарында кәсіби дайындыққа арналған жалғыз аймағынан айырылатын рафтинг спортының өкілдері, су астында қалу қаупі төніп тұрған тарихи петроглифтерді қорғап жүрген тарихшылар және экологиялық зиянға алаңдаған табиғат жанашырлары бар. Әсіресе соңғысы өзекті: мамандардың айтуынша, шағын ГЭС-тердің бөгеттерін тұрғызу кезінде түрлі заңсыздықтар орын алып жатыр.

– Құрылысқа рұқсат алғандар айналаны жаппай бүлдіруде, – дейді экологтар.

Ирина Смирнованың пікірінше, шағын су электр станцияларын салу – энергия көзін табудың теориялық тұрғыда тиімді жолы. Алайда тәжірибеде оның жүзеге асуы күмән тудырады.

– Табиғатқа қарсы варварлық қатынас, құрылысшылардың біліксіздігі, ашықтықтың жоқтығы және өзекті сұрақ қойғандарға агрессия таныту – Көксу өзеніндегі жағдайдың заңдылығы мен оны қажеттілігіне деген күмән тудырады, – деп атап өтті мәжіліс депутаты.

Халық қалаулысы бұл мәселе бойынша жан-жақты тексеріс жүргізуді талап етіп, тиісті органдарға ресми түрде жүгінді.

– Бюджетті талқылау барысында кейбір жобалардың қажеті қанша, егер олар іске асу барысында қаншама зиян тигізетін болса, оның барынан жоғы артық па деген ойға қаласың, – деді Ирина Смирнова.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy