ҚХП депутаты параспортты қаржыландыру мәселесін көтерді

dep.jpg

Мәжіліс депутаты, ҚХП депутаты, әлеуметтік тұрғыдан осал топтардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Кенжеғүл Сейтжан параспортты қаржыландыру мәселесін қайта көтерді. Соңғы Олимпиада ойындарының нәтижелері көрсеткендей, паралимпиада құрамасы елге жоғары спорттық жетістіктер әкеліп, Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылардан әлдеқайда озып тұр. Десе де, параспортқа бөлінетін қаржы әлі де тиісті деңгейде емес.

Депутат атап өткендей, 2026-2028 жылдарға арналған бюджет жобасында параспортшылардың дайындығына 5,7 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаражат параспортты дамыту орталығына берілмек, алайда оның нақты қалай бөлінетіні әлі белгісіз.

– Бұл қаражат Азия және Паралимпиада ойындарына қатысушыларды даярлауға жеткілікті бола ма? Екінші мәселе – өңірлік бюджеттерден бөлінген қаржы толық игеріліп жатыр ма? – деп сұрады депутат.

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жараспаев қаржы жеткілікті екенін, ол мақсатты түрде жұмсалатынын жеткізді.

– Биыл жазда қабылданған жаңа заңнамаға сәйкес параспорт ресми түрде қаржыландыруға жататын спорт түрлері қатарына енді, – деді вице-министр.

Сонымен қатар, Жараспаев министрліктің жұмысына цифрландыру енгізіліп, e-sport арнайы бағдарламасы құрылатынын хабарлады.

– Келесі жылдан бастап осы қаражаттың қалай бөлінетіні туралы барлық ақпарат ашық қолжетімді болады, – деп қосты ол.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy