
ҚР Вице-премьері Серік Жұманғарин жаңа Салық кодексіне арналған семинарда салық реформасына не түрткі болғанын түсіндірді. Оның айтуынша, бұған пандемиядан кейінгі кезең мен мемлекеттің әлеуметтік салаға бағдарлануы әсер еткен.
– Егер еліміздің экономикалық жағдайы біршама тұрақты болғанда, мұндай түбегейлі шараларға бармай-ақ қоюға болар еді. Өкінішке қарай, 2020–2021 жылдары біз пандемия салдарын жою және әлеуметтік қолдау үшін қомақты қаражат жұмсауға мәжбүр болдық, – деді Жұманғарин.
Оның айтуынша, 2022–2023 жылдары да мемлекеттік шығындар айтарлықтай артқан. Үкімет алдында бюджет тапшылығын азайту және мемлекеттің қарызға тәуелділігін төмендету міндеті тұрған. Алайда шығындарды қысқарту мүмкін болмай шыққан.
– Біз бюджеттің құрылымын зерттей келе, шығындардың 98 пайызын қысқарту мүмкін емес екенін анықтадық. Себебі соңғы бес жылда негізгі қаржы әлеуметтік салаларға – жалақы, зейнетақы, жәрдемақыларға бағытталып келді. Шығынды қысқарту мүмкін болмаған соң, табыс бөлігін арттыруға мәжбүрміз, – деп нақтылады ол.
Алайда бұл пікірмен Мәжілістегі Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, Қазақстан халық партиясының депутаты Ирина Смирнова келіспейді. Оның ойынша, бюджетте әлі де қысқартуға болатын шығындар бар.
– Форумдар, жиі жасалатын, бірақ қажеті жоқ жол жөндеу жұмыстары, бордюрларды ауыстыру, мемлекеттік қолдауға зәру емес ірі кәсіпорындарға субсидия беру – осыларды азайтқан әлдеқайда тиімді. Сондай-ақ министрліктердің жанынан құрылған сансыз еншілес мекемелер мен ұйымдар бар. Олар тек «қызу жұмыс» жасап жатқандай көрінгенімен, нақты нәтиже жоқ, – деді депутат.
Сондай-ақ, Ирина Смирнова Конституцияға өзгеріс енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Ол мемлекеттік және жекеменшік иелікпен қатар, өзге де меншіктің түрлерін – мысалы, кооперативтік форманы – заңдастыру қажет деп санайды. Депутат бұл ретте Жаңа экономикалық саясат (ЖЭС) кезінде кооперативтік қозғалыс жас кеңес мемлекетінің экономикасын едәуір ілгерілеткенін мысалға келтірді.
Үкіметтің қазіргі ұстанымын сынға алған Смирнова астарлы мысал келтірді.
– Аш сиырды сауып, сүтін көбейтеміз деу – ақылға сыймайды. Оны қоректендірмей тұрып, одан өнім күтсек, түбі өледі, сүт те болмайды, – деді депутат мысқылмен.
@halyk_partiyasy