ҚХП фракциясы онлайн несие беруге тыйым салуды ұсынды

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы азаматтарға электронды түрде несие беруге тыйым салуды ұсынып отыр. Азаматтардың несие алуын жеңілдету мақсатында екінші деңгейлі банктер ойланбастан түрлі теріс әрекеттер мен қылмыстарға қолайлы жағдай жасап оты.

ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамовтың айтуынша, интернет-алаяқтықтан зардап шеккен қазақстандықтардың саны артып келеді. Миллиардтаған сомада шығын келтірілген. Алаяқтар адамдардың жеке деректерінің қорына оп-оңай қол жеткізіп отыр. Мұндай қылмыстарды тергеу де нәтижесіз аяқталады. Себебі, көп жағдайда қылмысты жасаған тұлғаның анықталмауына немесе күдіктілердің Қазақстанның юрисдикциясынан тыс жерде орналасқанына байланысты тергеу амалдары тоқтап қалады.

«Ал азаматтар болса шындық пен әділет іздеп жылдар бойы сотқа дейінгі тергеу органдарының есігін қағып келеді. Оған қоса, жәбірленушілер алаяқтардың кесірінен ұзақ жылдар бойы өздері алмаған несиені өтеуге мәжбүр», - деп атап өтті мәжілісмен.

Магеррамов мемлекеттік органдарды қазір сот төрелігі киберқылмысқа қарсы күресте дәрменсіз екенін мойындауға шақырды.

«Тек пәрменді шараларды қолдану арқылы ғана біз электронды несие беру саласында және төлем карточкаларын пайдалану арқылы жасалатын алаяқтықтың одан әрі ұлғаюын толығымен жойып, қылмыстық құқық бұзушылықтар салдарынан еріксіз қарызға батқан азаматтар мен еріксіз түрде қылмысқа сыбайлас болатын дропперлердің (көбіне жасы 25-ке толмаған жастар) санын азайта аламыз», - деп нақтылады депутат.

Осы ретте ҚХП фракциясы ҚР Ұлттық банкіне азаматтарға онлайн түрде несие беру тыйым салуды ұсынып отыр. Сәйкесінше депутаттар Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовке сауал жолдады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy