
Отандық фармацевтика өнеркәсібінің дамуына қандай кедергілер бар және оларды қалай жоюға болады? Бұл мәселені Мәжіліс депутаты, ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов палата отырсында көтерді.
Депутат саланың бірқатар түйткілдерін атап өтті. Соның алғашқысы – елде аккредиттелген зертханалардың жоқтығы. Денсаулық сақтау министрлігі медициналық бұйымдарды тіркеу кезінде техникалық сынақ актілерін талап етеді, бірақ мұндай құжаттарды беретін ұйымдар Қазақстанда жоқ. Ең жақын зертхана – Ресей Федерациясында, ал онда бір өнімді сынақтан өткізу 7–8 млн теңге қосымша шығынды қажет етеді.
– Кәсіпкерлеріміз тауарларын сынақтан өткізу үшін шетелге жіберуге мәжбүр. Бұл, әрине, өнімнің өзіндік құнының артуына әкеледі, – деді Магеррамов.
Кедергілердің тағы бірі – өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына қатысты сертификат алу рәсімі. Медициналық бұйым типтік желіге кіретін болса да, еш өзгеріске ұшырамаса да, мұндай сертификаттың болуы міндетті. Оның үстіне, аталған рәсімдердің барлығы бұйымдарды тіркеу кезеңінде-ақ жүзеге асырылады.
– Кәсіпкерлер қайта-қайта сол процедуралардан өтуге мәжбүр. Бұл қосымша қиындық туғызып, шығынды көбейтеді, – деді депутат.
Сонымен қатар, отандық тауар өндірушілер үшін әділ бәсекелестік жағдайының қалыптаспауынан саланың дамуында кедергі бар. Соның салдарынан ЕАЭО елдерінің фармөндірушілері қазақстандық компаниялармен салыстырғанда әлдеқайда тиімді жағдайға ие.
– Ұлттық дәрілік заттар сараптамасы орталығының ашық порталындағы мәліметтерге сүйенсек, былтырмен салыстырғанда өндіріс көлемі 80–85 пайыз төмендеген, – деді Магеррамов.
ҚХП фракциясы аталған кедергілерді жедел жоюды, сонымен қатар отандық өндірушілер үшін ішкі нарықта қолайлы бәсекелестік ортаны қамтамасыз етуді талап етті. Сондай-ақ салалық мәселелерді талқылайтын жұмыс тобын құру және отандық фармацевтика өндірісін тиімді дамытуға арналған Жол картасын әзірлеу ұсынылды. Бұдан бөлек, партия өкілдері медициналық бұйымдарды зертханалық сынақтан өткізу мүмкіндігін «Қазстандарт» базасында қарастыруды, ал аккредиттелген зертханалар мәселесі шешілгенге дейін медициналық бұйымдарды өндіруші зауыттардың техникалық сынақ актілерін уақытша қабылдауға рұқсат беруді ұсынды.
– Өндірушілер арасындағы өзара іс-қимылды күшейту және салааралық кооперацияны жақсарту үшін фармацевтика мен медицина өнеркәсібін Денсаулық сақтау министрлігінен алып, Индустрия және құрылыс министрлігіне беру қажет, – деп түйіндеді депутат.
@halyk_partiyasy