Қазақстан Халық партиясынан сайлауға түскен үміткер Евгений Миронов Павлодар облысы, Железин аудандық мәслихатының сайлауында жеңіске жетті. Ол сайлаушылардың 302 дауысын жинап, үш бәсекелесінен де оза шауып, бәйге алды.
«... Сайлау қорытындысы бойынша Железин аудандық мәслихатының № 10 бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша депутаты болып Евгений Николаевич Миронов сайланды», - деп хабарлады жергілікті аумақтық сайлау комиссиясы.
Евгений Миронов 1986 жылы Павлодарда дүниеге келген. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Өнеркәсіптік кәсіпорындарды электрмен жабдықтау» мамандығы бойынша, сондай-ақ Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетін «Кәсіпорын менеджменті» мамандығы бойынша бітірген.
Партия мүшесі еңбек жолын 2008 жылы «ПРЭК» АҚ электромонтері болып бастаған. Одан кейін ол «Өнеркәсіптік Еуразиялық компания» ЖШС директорының орынбасары, ал кейіннен «Біріккен шикізат компаниясы» ЖШС коммерциялық директоры болды.
– Железин ауданының негізгі проблемалары - жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі, сондай-ақ бірқатар ауылдарда орталық сумен жабдықтаудың болмауы, - деп атап өтті кандидат өзінің сайлауалды бағдарламасында. - Бұл мәселелерді шешу қажет.