Кибералаяқтардан қалай сақтану керек?

dep.jpg

Кибер алаяқтардың құрбанына айналмау үшін не істеу керек? Осы тақырыпта Қазақстан Халық партиясының заңгерлері елордалық полиция қызметкерлерімен бірлесіп, көшпелі түсіндіру кездесулерін өткізіп келеді.

Іс-шара барысында астаналықтарға онлайн сауда кезінде өз құқығын қалай қорғау керек екені, жеке деректердің сыртқа шығып кетуінің алдын алу жолдары және цифрлық сервистерді қауіпсіз пайдалану тәсілдері түсіндіріледі. Сонымен қатар тұрғындар тегін заңгерлік кеңес алу мүмкіндігіне ие.

– ҚХП киберполициямен бірлесіп, халықтың құқықтық және цифрлық сауатын арттыруға бағытталған бастаманы жүзеге асырып келеді. Әсіресе әлеуметтік осал топтарға басымдық беріп отырмыз. Бүгін «Кибергигиена» тақырыбында дәріс өткізіп, зейнет жасындағы азаматтарға әлеуметтік желілердегі қауіпсіздік пен интернеттегі жарнамаға қатысты маңызды ақпарат бердік, – деді партия заңгері Рамазан Азамат.

Жас ерекшелігіне қарай аудиторияны таңдау да кездейсоқ емес. Статистикаға сүйенсек, алаяқтардың арбауына жиі түсетіндер – дәл осы санаттағы азаматтар. Олар телефон арқылы келген SMS-кодтарды ойланбастан айтып қояды. Кейбірі «жеңіл табыс» пен жалған инвестицияға алданып қалса, енді бірін банк шотының бұзылғаны немесе SIM-картаның мерзімі аяқталғаны туралы хабарламалармен қорқытады. Қылмыскерлер поштадан, емханадан немесе электронды үкімет атынан хабарлама жіберіп, сенімге кіруі мүмкін. Тіпті жасанды интеллект көмегімен дауыс хабарламаларын қолдан жасау деректері де кездесіп отыр.

– Біздің басты мақсатымыз – қазақстандықтардың құқықтық мәдениетін көтеру және цифрлық қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарау дағдысын қалыптастыру, – деп атап өтті партия заңгерлері.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy