Киберқылмысқа жол жоқ!

Қазақстан Халық партиясы интернет алаяқтықпен күреске өз үлесін қосуда. Партия мүшелері кезекті көшпелі акция өткізіп, Астанадағы қалалық «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» тұрғындарға тегін заңгерлік кеңес берді.

Заңгер Рамазан Азамат зейнеткерлерге арналған кездесуде киберқылмыскерлерден қалай сақтану керектігін қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндірді. Оның айтуынша, мұндай алаяқтықтың басты нысанасы – көбіне егде жастағы азаматтар. Ең бастысы – ешқашан, ешқандай жағдайда ешкімге SMS-код жібермеу керек.

1

Алаяқтар қолданатын айла-тәсілдер сан алуан: біреулерді тез табыс табу немесе инвестиция уәдесімен арбайды, енді біреулерге SIM-картасының мерзімін ұзарту қажет деген желеумен хабарласады, ал кейбірін банк жүйесі бұзылды деп қорқытады. Сондай-ақ пошта немесе емхана атынан келетін жалған хабарламалар да жиі кездеседі. Көп жағдайда мұндай қылмыстар шетелден жасалатындықтан, алаяқтарды кейін анықтау өте қиын.

2

Партияның заңгерлері сонымен қатар қатысушыларға қазіргі жасанды интеллекттің (ЖИ) мүмкіндіктері туралы айтты. Заманауи технологиялар адамның дауысын да, бейнесін де айнытпай көшіріп, тіпті танымал тұлғалар мен туыстардың атынан жалған бейнежазба немесе қоңырау жасауға мүмкіндік береді. Сондықтан мамандар банк қосымшаларымен жұмыс істеу кезінде мұқият болуға, күмәнді операциялардан сақтануға кеңес берді. Әйтпесе адам алданып, ақшасынан айырылуы мүмкін немесе атына миллиондаған несие рәсімделуі мүмкін.

3

– Мұндай түсіндіру жұмыстары партияның әлеуметтік бастамаларының бірі.Негізгі мақсат – халықтың цифрлық және құқықтық сауатын арттыру, – деді Рамазан Азамат.

Лекция соңында заңгерлер зейнеткерлерге жеке сұрақтары бойынша тегін кеңес берді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy