Әкімдер өздерінің қаржылық тәртібін өздері тексереді

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова жергілікті бюджеттерді тексеру жөніндегі өкілеттікті жоғары аудиторлық палатаға беруді ұсынады. Ол бұл идеяны Алматы облысы бойынша жұмыс сапары барысында алға тартты.

Мәжіліс депутаты А.Жақұтов атындағы ЖЭО-2 ғимаратында болды. Сонымен қатар индустриялық аймақтағы шағын өнеркәсіп паркінің өкілдерімен кездесті.

Алматы ЖЭО-2 директоры Фазоил Сәлімов халық қалаулысы мен ҚХП Алматы қалалық филиалының белсенділеріне жылумен жабдықтау және энергетика саласының қазіргі ахуалы жайлы айтты. Ол жылыту маусымына дайындық, көмір жеткізу мен оны сақтауға қатысты мәселелерді тілге тиек етті. Бұған қоса қонақтарды жылу электр орталығын қайта құру және оны газға ауыстыру кезеңдерімен таныстырды.

Депутат Алматының индустриялық аймағында шағын өнеркәсіп парктерінің өкілдерімен кездесіп, кәсіпорындардың жұмысымен, оларды қаржыландыру, жер учаскелерін алу рәсімімен және осы бағыттағы ШОБ-ты дамытудың келешектегі перспективаларымен танысты.

– Жоғары аудиторлық палата жергілікті бюджеттерді тексере алуы қажет, – деп түйіндеді сөзін И. Смирнова. – Әкімдіктер жанында жергілікті атқарушы органдарды тексеретін ревизиялық комиссиялар бар. Әкімдер өздерінің қаржылық тәртібін өздері тексереді.Бұған ақша шығындалады. Осылайша бюджет қарапайым адамдарға жетпейді. Олар жолда жұмсалып кетеді.

Мәселені бюджет қаражатын бөлу функциясы бар Ұлттық экономика министрлігінің әрекетсіздігі ушықтырады.

– Шенеуніктер орашолақтықтары үшін тікелей жауап бермейді, – деді мәжілісмен.

Депутат елімізде әзірге қызметіне немқұрайлы қарайтын шенеуніктерді тезге салатын заңнамалық тетік жоқ екенін, алайда қазіргі жағдайды түзету үшін белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy