Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы «Кітапхана ісі туралы» заң жобасына бастамашы болды. Бұған дейін ҚХП депутаттары аталған саланы дамыту, қазақстандық кітапханашылардың еңбек жағдайлары, кітап қорын, оқу залдарын әдебиетпен қамтамасыз ету және т.б. мәселелерді бірнеше рет көтерген болатын.
ҚХП фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың айтуынша, кітапханашыларға арналған заң қабылдау идеясы көптен бері айтылып келеді және бұл тақырып халықпен кездесулер барысында да жиі көтерілді.
«Біз заң жобасын әзірлеп, оны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне сараптамаға жібердік. Құжат жақын арада жұмысқа алу үшін Мәжіліске жіберіледі деп ойлаймын», - деп атап өтті депутат.
Магеррамовтың айтуынша, заңнамалық базаны жетілдірмей кітапхана саласын дамыту мүмкін емес. Ал бұл жерде, әсіресе, ауыл кітапханаларына қатысты мәселе көп. Кадр мәселесі де өзекті болып отыр. Бүгінде еліміздегі кітапханашылардың орташа жасы – 45-50 жас. Ал жастар жалақысы аз, болашағы бұлыңғыр болғандықтан бұл салада жұмыс істегісі келмейді.
Бұған дейін ҚХП фракциясы Үкіметтен саланың қазіргі жағдайына назар аударуды сұраған болатын. Партия мүшелері Қазақстанның электронды кітапханалық ақпараттық ресурстарын біртұтас интеграцияланған жүйеге біріктіруді, кітапхана қорын халықты ақпаратпен қамтамасыз етудегі заманауи талаптарға сай жаңартуды және кей өңірлерде жүріп жатқан кітапханалар желісін оңтайландыру салдарынан кітапханалар таратылып, жабылып жатқандықтан осы мәселені қайта қарауды ұсынды.
«Әр кітапхананың бірегейлігі оның білім беру, кітап оқуды насихаттау, рухани құндылықтарға қол жеткізу, тұлғалық мәдениетті дамыту мен қалыптастырудағы маңызды рөлінде», - деп атап өтті депутаттар.
Осы ретте мәжілісмендер заң шығару туралы бастама көтерді.
«Біз осы сала бойынша заң жобасын дайындаймыз деген уәдемізде тұрдық. Көп ұзамай елдегі кітапханашыларға қатаысты арнайы заң болатынына сенімдімін», - деді Магеррамов.