ҚХП Қарағанды облысында кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне арналған «Кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелері: заңнамалық бастамалар, бизнеске қолдау және кері байланыс» тақырыбында диалогтық кездесу өткізді. Оған Мәжілістегі ҚХП депутаттары, Орталық аппарат қызметкерлері, партияның Қарағанды облыстық филиалының өкілдері мен өңір кәсіпкерлері қатысты.
Іс-шараны модераторы ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов отандық шағын және орта бизнесті дамытудың маңызына тоқталды.
– Жаңа өндіріс орындары ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылуы қажет. Бизнеске қолдау болмаса, әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға арналған игі ниеттердің барлығы сөз жүзінде қалуы мүмкін, – деді депутат.

ҚХП Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Қалел Мақсұтов жиналғандарға талқылауға қатысу үшін Астанаға келген кәсіпкерлер делегациясын таныстырды. Ол елдегі салық саясаты кәсіпкерлердің, әсіресе отандық өндірушілердің алаңдаушылығын туғызып отырғанын айтты.
– Кәсіпкерлер мемлекеттен қолдау сұрап отырған жоқ – ең бастысы, олардың жұмысына кедергі жасалмаса екен дейді, – деп атап өтті Мақсұтов.
Қазақстанның салық аудиторы Олеся Ибраева ҚҚС есебіндегі өзгерістердің теріс салдарына және жаңа Салық кодексі күшіне енгенде кәсіпкерлік сала қандай қиындықтарға тап болатынына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, негізгі ауыртпалық түптің түбінде тұтынушыға түседі – кәсіпорын шығындарының көбеюі тауарлар мен қызметтердің соңғы бағасына тікелей әсер етеді, бұл өз кезегінде инфляцияның жаңа толқынын туғызады. Сондықтан жаңа кодекс мемлекет пен халық үшін тиімді бола ма – бұл даулы мәселе.
– ҚҚС-ты «кедейлердің салығы» деп бекер атамайды. Бар ауыртпалық халықтың иығына түседі, – деді ол.
Сөзін қорытындылай келе, Олеся Ибраева әлеуметтік маңызы бар салаларға салықтық жүктемені арттырудың орнына, сән-салтанат пен жоғары маржалық салаға салық салуды ұсынды.
– Мұндай тәсіл әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, бюджет кірісін қамтамасыз етеді, – деді ол.
Инженер, кәсіпкер әрі қоғам қайраткері, жарық шамдары мен сыртқы жарықтандыру тіректерін шығаратын зауыттың басшысы Даир Каюмов қазіргі таңда бизнес саласында инфляциялық күтулердің күшейіп отырғанын растады. Сондай-ақ, отандық өндірушілерге өндірісті тоқтатып, дайын өнімді шетелден әкеліп, затбелгісін ауыстырып сату әлдеқайда тиімді болатынын мысалмен түсіндірді.

– Біз өндірісті тиімсіз етіп, алып-сатарлықты тиімді қылып отырмыз, – деді кәсіпкер.
Жекеменшік клиника директорының орынбасары Тілеубек Жұмағұловтың пікірінше, медицина саласына ҚҚС енгізу халық үшін медицинаның қолжетімділігін едәуір төмендетеді. Бұл тек жекеменшік секторға ғана емес, ақылы қызмет көрсететін мемлекеттік медицина мекемелеріне де қатысты – өйткені барлық қазақстандықтың бірдей міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды төлеуге мүмкіндігі жоқ.

– Бұл өзгерістер халықтың пайдасына жасалып отырған жоқ, сондықтан Қазақстан Конституциясының қағидаттарына қайшы, – деп қорытындылады ол.
Кездесу соңында қатысушылар бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Жұмыс әрі қарай жалғасын табатын болды.
– Бұл тақырып біз үшін аса өзекті. Біз бұл бастамаларды талқылап, толықтырып, заңнамалық деңгейге шығарамыз деп сенемін, – деп түйіндеді Магеррам Магеррамов.

@halyk_partiyasy