Қоғамдық жұмыстар сыбайлас жемқорлыққа негіз болып жүрмей ме?

dep.jpg

ҚР Парламент Мәжілісі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске түзетулер енгізуде.

Әділет министрі Азамат Есқараев хабарлағандай, ұсынылып отырған түзетулерді екі санатқа бөлуге болады. Бұл әкімшілік жазаның жаңа түрін орындау тетігін регламенттеу және айқындау, «қоғамдық жұмыстарға тарту», сондай-ақ әкімшілік-деликтілік заңнаманы одан әрі жетілдіру. Бұрын қоғамдық жұмыстарға құқық бұзушыны тек қылмыстық іс бойынша ғана тартуға болатын.

– Қазіргі уақытта пробация қызметі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қылмыстық құқық бұзушылықтар шеңберінде жазаның осы түрін іске асыруда, - деп нақтылады министр. - Заң жобасында «қоғамдық жұмыстарға тарту» түріндегі әкімшілік жазаны іске асырудың ұқсас тетігін қолдану ұсынылады. Бұл ретте оның орындалуын әкімдіктерге бекіту ұсынылады.

Соңғы тармақ бойынша Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейітжан сұрақ қойды.

– Бұл өкілеттіктерді жергілікті атқарушы органдарға беру сыбайлас жемқорлық сипатқа ие болып кетпей ме? - деп сұрады ол.

Азамат Есқараев жемқорлықтың болмайтынына сендірді.

– Біз жергілікті атқарушы органдарда адал әрі кәсіби мамандар жұмыс істейді деп есептейміз, - деп мәлімдеді министр. - Біздің заңнамада сіз айтқан тәуекелдерге қарсы бағытталған тетіктер көзделген. Бізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі құрылымдар бар, олардың жұмысы - мұндай фактілердің алдын алу.

Бұдан өзге, Есқараев бұл жаңа заңнамалық норма емес және қылмыстық заңнама аясында, пробация қызметінің жетекшілігімен әкімдіктер алға қойған міндеттерді толығымен орындап жатқанын айтты.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy