
«Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» тақырыбындағы Үкімет сағатының қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаттары Қазақстан Үкіметіне, бірқатар министрліктер мен бақылау-қадағалау органдарына нақты ұсыныстар әзірледі.
Депутаттардың пікірінше, Үкімет қоғамдық қауіпсіздік жағдайын мұқият талдап, жедел әрі тиімді шаралар қабылдауы тиіс. Сондай-ақ, халықаралық тәжірибелерді кеңінен қолдану және құқық қорғау органдарына, соның ішінде олардың қызметкерлерінің баспанамен қамтамасыз етілуіне қосымша қаржы бөлу ұсынылды.
ІІМ-ге «Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасын» іске асыруды жалғастыру, «Заң және тәртіп» идеологиясын нығайту бойынша жұмыс жүргізу тапсырылды. Бұл полиция, басқа ведомстволар, қоғамдық ұйымдар мен жергілікті әкімдіктер арасындағы бірлескен іс-қимылды, бақылау жүйелерінің цифрландырылуын, жасанды интеллектті қолдануды, сондай-ақ тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын қамтиды.
Бас прокуратураға қылмысты алдын ала болжаудың заманауи құралдарын енгізуді жеделдету және ІІМ-пен тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз етуді тапсырды. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және ақпарат, көлік, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері мен жергілікті атқарушы органдарға да тиісті ұсыныстар жіберіледі. Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова қазіргі полицияның техникалық мүмкіндіктері кең екенін атап өтті.
– Мыңдаған камера кеңістікті, адамдарды, көліктерді бақылап тұр. Бұрын іздеу жұмыстары үшін хабарламалар ілінетін, ал қазір камера арқылы кез келген жер, яғни көше, әуежай, вокзалдан оңай тауып алуға болады, - деді Смирнова.
Смирнова цифрлық іздеу жүйелері құқық бұзушылармен қатар жоғалған азаматтарды да табуға мүмкіндік беретінін айтты. ІІМ орталығында өңірдің кез келген нүктесінен тікелей эфирдегі видеоматериалдар бар.
– Керемет көлік, тамаша құралдар! Дрондар! Арнайы киім, қару-жарақ, қалқандар! Демек, салық төлеушілер полицияны жақсы қамтамасыз етіп отыр, - деді депутат.
Алайда, ІІМ өз құрылымдарының қаржыландырылуы жеткіліксіздігін айтады.
– Мен 100 мың тұрғынға шаққандағы полиция қызметкерлерінің санын қарадым. Қазақстанда бұл көрсеткіш 410-430 аралығында. ЕЭЫДҰ елдерінде әлдеқайда төмен, кейбірінде 1,5 есеге дейін аз. Бірақ олар жұмысын тиімді атқарып отыр, - деп атап өтті Смирнова.
Депутаттың айтуынша, ЕЭЫДҰ елдеріндегі полиция қызметкерлері өз міндеттеріне жатпайтын жұмыстарды орындамайды.
@halyk_partiyasy