Қазақстан Халық партиясы партияның белсенді мүшесі Дәурен Слямұлы Слямовтің қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.
Ол ерекше ерік-жігерлі кәсіпкер еді. Өз Отанының нағыз патриоты, қоғам игілігі үшін жұмыс істеуді өзінің азаматтық борышы деп санаған адам болатын. Дәурен Слямұлын достары мен әріптестері осылай еске алады.
Алакөл аудандық мәслихатының депутаты болып сайланған Дәурен Слямұлы әрдайым қоршаған ортаны жақсартуға ұмтылған еді. Арықтарды тазарту туралы немесе өзінің туған қаласы Үшаралда саябақ салу туралы әңгіме болған жерде Дәурен Слямұлының аты аталып жататын. Ол қашанда халықтың жоғын жоқтап, әлеуметтік маңызы айрықша өнім бағасының өсуі немесе жылыту маусымында отынның қымбаттауы сияқты маңызды және өзекті мәселелерді көтерді. Депутаттық мандатына адал болып, мәслихат комиссиясының құрамында ауыл шаруашылығын, көлік, байланыс, құрылыс және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелерімен айналысты. Ол әрқашан көмекке келуге дайын болатын.
Даурен Слямұлы нақ осы жүрегіндегі ізгілік пен бойындағы ұстанымдылық қасиеттерінің арқасында суық қарумен қаруланған, ештеңеден аянбайтын қылмыскерден жұмысшыларды қорғау үшін қақтығысқа араласты. Ол қылмыскердің жолын кескенімен, өкінішке қарай, өзі мерт болды. Бұл Дәурен Слямұлының отбасы мен туыстары, достары мен пікірлестері үшін орны толмас ауыр қаза болды. Дәурен Слямұлының жарқын бейнесі әріптестері мен жолдастарының жүрегінде мәңгі сақталады.