
Сенат дамушы елдер жағдайын ескере отырып жасалған Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) №131 Конвенциясын ратификациялады. Бұл құжат елдегі ең төменгі жалақы мөлшерін медиандық жалақының 50 пайызынан кем емес деңгейде белгілеуді көздейді. Аталған бастаманы бірнеше жыл бойы Қазақстан Халық партиясы көтеріп келген болатын.
Қазақстан 1993 жылдан бері ХЕҰ-ның толыққанды мүшесі. Осы уақыт ішінде республика халықаралық еңбек стандарттарын ұлттық заңнамаға кезең-кезеңімен енгізу және ұйымның талаптарын орындау жөнінде міндеттемелер алды. Бұған дейін Қазақстан еңбек, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік қорғау және әлеуметтік әріптестік мәселелерін қамтитын 28 конвенцияны ратификациялаған.
VII шақырылымнан бері Парламенттегі ҚХП фракциясының депутаттары бұл Конвенцияны бекітуді бірнеше рет ұсынған. Олар Үкіметке ең төменгі жалақыны есептеу әдістемесін қайта қарау қажет екенін де айтып келген. Мұндай өзгеріс жұмысшылардың еңбекақысын әдейі төмендететін жұмыс берушілерден қорғауға және «жұмыс істейтін кедейлік» мәселесін шешуге сеп болар еді.
– Конвенцияға сәйкес, ең төменгі жалақыны белгілеу кезінде тек жұмысшының емес, оның отбасы мүшелерінің де қажеттіліктері ескерілуі тиіс. Сонымен қатар елдегі жалпы жалақы деңгейі, күнкөріс құны, әлеуметтік жәрдемақылар және басқа әлеуметтік топтардың өмір сүру деңгейі де назарға алынуы қажет, - дейді ҚХП депутаттары.
Айта кетейік, бұл Конвенцияны ратификациялау туралы тармақ ҚХП-ның сайлауалды бағдарламасына да енген болатын.
@halyk_partiyasy