Кооперативтер – қолжетімді тұрғын үй мен экономикалық дамудың кілті

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясы қазақстандықтарды қолжетімді әрі арзан тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін кооперативтердің әлеуетін пайдалануды ұсынып отыр. Бұл бастаманы Мәжіліс депутаты, ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов пленарлық отырыста көтерді.

Мәжілісменнің айтуынша, БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес, 2025 жыл Халықаралық кооперативтер жылы болып жарияланған. ЕО елдерінде, Үндістанда, Түркияда және Қытайда кооперативтік тұрғын үй құрылысына мемлекеттік қолдау бағдарламалары бар, ал Қазақстанда, өкінішке қарай, кооперативтік жүйе толыққанды пайдаланылмай отыр.

– Біз, сонымен қатар, кооперативтерге қатысты теріс тенденцияларды байқап отырмыз. Тұрғын үй-құрылыс кооперативтері (ТҚК) үшін бақылау мен қолдау тетіктерінің толық болмауы қаржы пирамидаларының пайда болуына және кооперативтер беделінің түсуіне әкелуде, - деді Магеррамов.

Депутаттың айтуынша, қазіргі кооперативтік тұрғын үй құрылысын реттейтін ережелер тек құрылысты салушылардың мүддесін көздейді, ал үлескерлер EPCM-келісімшарттары арқылы инжинирингтік компаниялардың көмегімен құрылысты өз бетінше басқара алмайды.

– Қол жетімді тұрғын үй санын арттыруға арналған жалдамалы тұрғын үй кооперативтері мен тұрғын үй-жинақ кооперативтері жоқ, – деп атап өтті ол.

Қазақстан Халық партиясы Индустрия және құрылыс министрлігіне кооперативтер арқылы тұрғын үй салуға арналған пилоттық жобаны іске қосуды, сондай-ақ шетелдік Тұрғын үй кооперативтері қауымдастықтарының инвестицияларын тартуды ұсынады. Сонымен қатар, ТҚК-ге арналған ережелерді EPCM-келісімшарт механизмін енгізе отырып жетілдіру қажет екені де айтылды.

– Осылайша, әлеуметтік тұрғын үй алу кезегін 5 жыл ішінде жоюға болар еді, – деп түсіндірді Магеррамов.

ҚХП депутаттарының пікірінше, кооперативтерді қолдау және дамыту халықты жұмыспен қамтуды арттырып, бюджетке әлеуметтік төлемдер жүктемесін азайтады. Бұған қоса, Мәжіліс депутаттары Үндістан мен Қытайдың кооперативтер арқылы бірінші қажеттіліктегі тауарларды өндіру тәжірибесін зерттеуді және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын кооперативтерді қолдау шараларымен толықтыруды ұсынады. Бұл олардың дамуына кепілдік бере отрып шағын бизнесті дамытуға мүмкіндік береді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy