Кооперативтік қозғалысты дамыту мәселесі талқыланды

Қазақстан Халық партиясы Парламентаризм институтымен бірлесе отырып, Президенттік орталықта кооперативтік қозғалыстың дамуы, оның қазіргі мәселелері мен болашағына арналған дөңгелек үстел өткізді. Жиынға Мәжіліс депутаттары, сарапшылар, мемлекеттік органдардың, салалық қауымдастықтардың және ғылыми ортаның өкілдері қатысты.

Парламентаризм институтының заң шығару қызметі жөніндегі атқарушы директоры Алмас Қанатовтың айтуынша, кооперацияны дамыту – ұлттық экономиканы нығайтудың маңызды бағыттарының бірі.

– Кооперативтік қозғалыс шағын және орта бизнесті қолдауда, ауылдық аумақтарды игеруде және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Қазір тек заңнамалық базаны жетілдірумен шектелмей, кооперативтік модельге деген сенімді арттыру, азаматтардың қатысуын күшейту және мемлекет, бизнес пен қоғам арасында тұрақты байланыс орнату қажет, - деді ол.

2025 жылдың басында елімізде 4465 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелген. Оның ішінде ең көп кооператив Түркістан облысында – 981 бірлік. Алайда, оң динамикаға қарамастан, ауыл шаруашылығы өнімінің едәуір бөлігі әлі де жеке қосалқы шаруашылықтардың еншісінде. Сарапшылар кооперативтердің әлеуеті тек агросектормен шектелмейтінін де атап өтті.

«Bolashaq» академиясының профессоры Ақылбек Қабжанов кооперативтік қозғалысты тек экономикалық құрал емес, қазақ халқының ұжымшылдыққа негізделген дәстүрлерінің жалғасы ретінде сипаттады. Оның айтуынша, бұл – асар, жер орта, толық қауым сынды ұғымдармен үндес жүйе. Дегенмен, салада шешілмеген түйткілдер де жетерлік: бюрократиялық кедергілер, азаматтардың құқықтық сауатының төмендігі, мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі және халықтың сенімсіздігі.

Мәжіліс депутаттары, әсіресе, ҚХП парламенттік фракциясы мен оның жетекшісі Магеррам Магеррамов қолданыстағы «Кооперативтер туралы» заңды талқылауға көп уақыт арнады. Депутат Ирина Смирнова Қазақстанда жақсы бастамалар жиі жемқорлық пен алаяқтықтың құралына айналып кететінін өкінішпен жеткізді. Мұндай жағдайларды болдырмас үшін, ҚХП фракциясы Парламентаризм институтымен бірге жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр.

1

– Көптеген елдерде кооперативтер сәтті жұмыс істеп, халық пен мемлекетке пайдасын тигізіп отыр. Бұл – кооперативтік банктер, ауыл шаруашылығы және тұтыну кооперативтері, тіпті кооперативтік зауыттар мен тұрғын үй кешендері де болуы мүмкін, - деді Мәжіліс депутаты.

Мәжіліс депутаты, ҚХП жастар қанаты – JAS ORTA ұйымының жетекшісі Ислам Сұңқар да кооперативтік қозғалыстың әлеуетін жоғары бағалады.

– Егер кооперативтерге нақты қолдау көрсетілсе, олар тек экономиканы ғана емес, қоғамды дамытуға да үлкен үлес қоса алады. Жастар үшін кооперация – өз-өзін ұйымдастыруға, орнықты дамуға және қоғамға интеграциялануға жол ашады, - деді ол.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy